Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде келтірілген шығынның жалпы сомасы 95 млрд теңгеден асады. 1600 кәсіпкерлік субъекті зардап шекті. Оның 96 пайызы шағын және орта бизнес өкілдері. Бұл туралы брифинг барысында қала әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, зардап шеккен шағын және орта бизнеске өтемақы төлеу механизмі әзірленген. Бұл бағытта мемлекеттік органдардың қатысуымен арнайы комиссия жұмыс істейді. Оның құрамына депутаттар мен қоғамдық бірлестіктер, "Атамекен" ҰКП-ның қызметкерлері кірді.
"Бизнес субектілерінің өтініші электронды түрде Infokazakhstan.kz сайтында қабылданады. Онда жеке кәсіпкер мен заңды тұлғалар өздерінің кәсіпкер екенін растайтын және келтірілген шығынның фото, видеосын көрсетеді. Содан соң оны өңірлік және қор комиссиясы 5 күн ішінде қарайды. Қазір Алматыда әкімінің тапсырмасымен құрылған Өңірлік комиссия жаппай тәртіпсіздіктен қалаға келтірілген шығынды әлі есептеп жатыр. Бүгінгі күні алдын ала болжам бойынша жалпы шығын 95 млрд теңгеден асты. Оның ішінде 54 әкімшілік нысан зақымданған. Құқыққорғау және коммуналдық қызметтің 260 көлігі, одан бөлек жеке тұлғалардың 150 автокөлігі өртенген, яғни 2 млрд теңгеден астам шығын келді",- дейді Ілияс Өсеров.
Спикердің сөзінше, қалада 1600-ге жуық бизнес субектісі зардап шекті. Оған келтірілген шығын 66,5 млрд теңге көлемінде. Оның 96 пайызы шағын және орта бизнес өкілдеріне тиесілі.
Бұдан бөлек, Алматы қаласының әкімдігі қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларын әзірлеп жатыр.