- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Алматыда дөңгелек шыны...
Алматыда дөңгелек шыны үй салынады
Алдағы жылы Алматыда жас сәулетші Айбек Алмасовтың цилиндр тәрізді ерекше үйінің құрылысы басталады, − деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
Жан-жағын 360 градуста емін-еркін бақылауға болатын шыны үй 4 қабаттан тұрады. Үйдің қақ ортасында биіктігі 12 метрге жететін қарағай өсіп тұр. Шыны ғимараттың металдан құйылған төрт тіреуіші бар, үйге енгендер айналма баспалдақпен жоғары көтеріледі. Перде ілінбеген, кедергі сүйеніш қойылмаған, қабырға екі қабат шыныдан жасалған. Жоба авторының алға қойған мақсаты − қаланың қажытқан «тас орманынан» бір мезетте сытылып шығып, таза табиғаттың аясында тынығу.
Қазір жобаға екі инвестордың аңсары ауып отырғаны мәлім болды. Олардың бірі шыны қабырғаларға күн батареяларын жапсырып, жасап шығаратын зауыттың иесі екен. Бір сөзбен айтқанда, «ашық-шашық» болғанмен, болашақтың ғимараты саналатын шыны үйде қазіргі талапқа сай энергия үнемдейтін «жасыл» технология молынан пайдаланылады.
Алматыдағы сәулет-құрылыс академиясының түлегі Айбек Алмасов бұған дейін BION-велосипедін жасап шығарған. Келешегінен көп үміт күттіретін жас сәулетші еңбегінің жанатынына сенімді. Оның бес айда құрастырған бұл үйі тапсырыс беруші үшін қазіргі бағамен есептегенде 86 миллион 250 мың теңгеге түсті.
Дереккөз:inform
С. Ерсін