Алматыда армансыз шомылуға болатын орындар

Жаз – мектеп каникулдары мен еңбек демалыстарының маусымы. Осы кезеңде әдемі жоспарларымыздың көпшілігі ыстыққа байланысты жүзеге аспай қалып, жер ауыстыру керек болады. Қаладан кетпей-ақ, аптапты ыстықтан құтылуға бола ма? Әрине! Алматы қаласындағы түрлі бассейндер мен аквасаябақтар сізге көмектесе алады. Күнге қыздырынғыңыз келе ме, әлде, сулы төбешіктерде демалуды қалайсыз ба? Төменде көрсетілген нұсқалардан өз таңдауыңызды жасаңыз.

«Әлемнің сегізінші кереметі» аквасаябағы


Әңгімені Алматы қаласындағы ең танымал әрі ең үлкен «Әлемнің сегізінші кереметі» саябағынан бастайық. Нысан М.Горький атындағы орталық демалыс саябағында орналасқан. Су қызықтарының бәрі осында, мұнда ересектерге және балаларға арналған жалпы саны 8 төбешік, ашық және жабық аймақтар, 6 бассейн, толқынды бассейн бар. Ересектер бассейнінің тереңдігі – 1,8 метр, балаларға арналған бассейн – 0,4 және 0,9 м. Аквасаябақта жеке және құнды заттар үшін сақтау бөлімі жұмыс жасайды. Сондай-ақ, өзіңізбен бірге су немесе тағам әкелуге тыйым салынған. Аквасаябақ аймағында 3 кафе, жағажайлық воллейболға арналған алаң, кинотеатр, ересектерге арналған экстремальді аттракциондар бар.

Бағасы:

Демалыс күндері: ересектерге – 4400 тг, балаларға – 3500 тг. Жұмыс күндері: ересектерге – 3900 тг, балаларға – 3000 тг.

Family Park аквасаябағы


Family Park аквасаябағы М. Горький қабырғасындағы саябақтан әлдеқайда кіші әрі бағасы арзанырақ. Аквасаябақ территориясында 4 бассейн және 4 төбешік бар. Ересектер бассейнінің тереңдігі – 1,7 м, ал балалар бассейні – 0,4 м. Аквасаябақ аймағында 2 кафе жұмыс істейді. Кіре берістегі аттракциондармен де көңіл көтере аласыздар.

Бағасы:

Демалыс күндері: ересектерге – 4000 тг, балаларға – 3000 тг. Жұмыс күндері: ересектерге – 3500 тг, балаларға – 2500 тг.

Қапшағай аквасаябағы


Қапшағай аквасаябағы – жабайы жағажайда емес, бассейн жанындағы шезлонгтағы демалысты құп көретіндерге арналған. Аквасаябақта кафе-бар, жазғы алаңдар, салқын сусындар, балмұздақ, демалыс пен жағажайға арналған әртүрлі аксессуарлар алуға болатын сауда киосктары бар. Сондай-ақ, бильярд, теннис столдарын, воллейбол алаңдарын, автотұрақты жалға ала аласыздар. Нысанның ауыз толтырып айтуға болатын ерекшелігі – сіз өзіңізбен бірге кез келген тағамды әкеле аласыз, тіпті аймақ ішінде кәуап та пісіруге болады. Мұнара, тарзан сынды аттракциондар, субұрқақ, джакузи де сіз үшін қызмет етеді. Аквасаябақта 6 метрлік секіретін бассейн, 1,8 метрлік олимпиадалық бассейн бар.

Бағасы:

Демалыс күндері: күндіз (09:30-20:00) ересектерге – 2200 тг, балаларға – 2000 тг, кешке (17:00-20:00) ересектерге – 2000 тг, балаларға – 1900 тг. Жұмыс күндері: күндіз (09:30-20:00) ересектерге – 2100 тг, балаларға – 1900 тг, кешке (с  17:00-20:00) ересектерге – 2000 тг, балаларға – 1800 тг.

Мекенжайы: Қапшағай ауданы, Қонаев көшесі бойында

«Дельфин» спорттық-ойын-сауық орталығы


Жаз маусымында қалада қалғандар үшін «Дельфин» ойын-сауық орталығы жағымды демалыс сыйлауға уәде береді. Қарапайым бассейннің мөлдір суы мен жоғары сападағы қызмет сіздің де ойыңыздан шығады деп ойлаймыз. Үлкен бассейн аквасаябақтың ортасында орналасқан. Тереңдігі ересектер бассейні – 1,7 м, балалар бассейні – 0,6 м. «Дельфинде» бассейннен басқа, сауна, джакузи, тренажер және массаж залдары бар. Сіз бұл орталықтан жүзуге, аквааэробиканы үйренуге мүмкіндік аласыз, жағажайлық көңілді кештерге қатыса аласыз.

Бағасы: Демалыс күндері: ересектерге – 3000 тг, балаларға – 2700 тг. Жұмыс күндері: ересектерге – 2500 тг, балаларға – 2200 тг.

Мекенжайы: Тимирязев-Әуезов көшелерінің қиылысы, «Атакент» сауда орталығының аймағында.

Hawaii аквасаябағы


«Hawaii жабық аквасаябағы» – Орта Азияда бүкіл маусымда жұмыс істейтін алғашқы және жалғыз аквасаябақ. Басшылық аквасаябақтың ресми сайтына осындай сипаттама берген. Сонда Hawaii деген не болды? Hawaii – SPA, сауна, бассейндер, су төбешіктері, бар мен каферлер. Отбасыңызбен жылдың кез келген маусымында бара аласыз. Мұнда үлкен төбешіктер Орталық саябақтағы авквасаябақта да жоқ. Тәжірибе үшін жазғы оазиске бір рет болсын бас сұғып көргеніңіз абзал...

Бағасы:

Демалыс күндері: ересектер бір күнге – 5499 тг, балалар – 4199 тг. Жұмыс күндері: ересектер бір күнге – 4999 тг, балалар – 3199 тг төлейді. Демалыс күндері 2 сағатқа: ересектер – 3499 тг, балалар – 2133 тг төлейді.

Мекенжайы: Райымбек даңғылындағы «Апорт» моллы

«Мереке» аквасаябағы


«Мереке» аквасаябағы – отбасылық демалыс кешені. Мұнда пикникке арналған жабық аймақтар бар. Аквасаябақтың аумағынан кафе, монша, балалар алаңын, воллейбол алаңыз, автотұрақты, пейнтбол клубын, балаларға арналған лагерьді таба аласыз. Аквасаябақта 8 бассейн, 5 төбешік бар. Бассейн тереңдігі – 1,5 м. Келушілерге шезлонгтар мен қолшатырлар тегін беріледі.

Бағасы:

10:00-21:00 аралығында ересектерге – 1500 тг, балаларға – 1000 тг. Бес жасқа дейінгі балалар тегін кіре алады.

Мекенжайы: Байсерке ауылы

«Алатау» аквасаябағы


«Алатау» аквасаябағы өз келушілерін жазда және қыста күтеді. Әртүрлі аттракциондар жасты да, кәріні де риза етеді. Су төбешіктері, күрілдеуікті субұрқақтар, бұлқынған толқындар, гейзерлер, гидромассажды бассейндер ешкімнің көңілін қалдырған емес. Сымбатыңызды 24 метрлік спорттық бассейн сақтап тұруға көмектеседі. Балаларға арнадған «Кемпірқосақ» төбешігі қауіпсіздігі мен және қайталанбастығымен ерекшеленеді. Ойын бассейнінде 7 аттракцион жұмыс істейді. Массаж бөлмелері мен сауна, каллориясы төмен тағамдары, дәруменді сусындары бар кафелердің бағасы қолжетімді келеді.

Бағасы:

Ересектер үшін – 3000 тг, балаларға – 1500 тг.

Мекенжайы: Тау-самал ауылы

Сөз соңында аквасаябаққа керекті заттар тізімін ұсынғымыз келеді:

Су киімі. Су киімінде декорлық заттар болмау керек, ол сырғанау барысында төбешіктерге зиянын тигізеді. Сусабын, сабын, жөке. Хлорлы суы бар бассейннен шыққаннан кейін душ қабылдағанда керек болады. Сүлгі. Киінетін бөлмеге бару үшін шәркей, бассейн айналасында жүр үшін су аяқ киімі керек. Олардың тым сырғанақ болмауына баса назар аударыңыз. Аквасаябаққа бармас бұрын барлық әшекей бұйымыңызды үйде қалдырып кетіңіз.

 

Дайындаған: Бұлбұл Дәрібаева

Сурет:alatau-spa.kz,my.mail.ru, semya.tv5

Дереккөз:comode.kz