Алматыда полицияға көмектесу студенттік отряды (ПКСО) пайда болды. Студенттер тобы осылайша Медеу мен Бутаковка, ботаникалық бақ аймағын өрттен қорғайтын болады, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасай отырып.
Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының басшысы Санжар Боқаев алдымыздағы демалыс күндері кезекшілікке 40 шақты волонтер шығатындығын айтты. Боқаевтың айтуынша, ниет білдірушілердің санын екі есеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Профилактикалық жұмыстар қазан айының ортасына дейін жалғасады.
"Бұл шараларға жоғарғы температураның әсерінен Алматы қаласының бірнеше нүктесінде шыққан өрт себеп болды. Бұлар тіпті әдейі қойылған өрт болуы да мүмкін", - деді басшы.
Волонтерлардың басты мақсаты өрт шығу қаупі жоғары аймақтарда профилактика жұмыстарын жүргізіп, бейтараптандыру. Олар сонымен қатар, қала тұрғындарымен де сұхбаттар жүргізіп, орын алып отырған қауіп туралы құлағдар ететін болады. "Студенттер таулы аймақтарды бақылауында ұстайтын болады. Демалыс күндерінде қала тұрғындарының тауға шығып, от жағуы мүмкін", - деді жастар саясаты басқармасының басшысы.
"Бұл қыздар мен жігіттер бұл жұмыстарға өз еріктерімен ниет білдіріп отыр. Барлығына арнайы куәлік пен киім табыс етілді. Негізінен полициямен бірігіп жұмыс жасайтын болады", - деді қалалық қоғамдық қауіпсіздік басқармасының құрамына кіретін полицияға жәрдемдесу штабының басшысы Дмитрий Сон.
Айта кетелік, бұған дейін тамыз айының ішінде Алматы қаласының бірнеше нүктесінде өрт шыққан болатын. Атап айтсақ, Іле Алатауы ұлттық паркі, ботаникалық бақ, Айнабұлақ ықшам аудандарында өрт ошақтары байқалған еді.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: ©Данияр Бозов