Жұртшылықты 20 жылдан астам уақыт бойы күттірген Алматы метросы 2011 жылдың 1 желтоқсанында іске қосылған болатын. Алматы күнінің қарсаңында біз де метрода қонақта болып, оны алыс-аймақтағы оқырмандарымызға таныстырып өтуді жөн көрдік.
Алматы метрополитені еліміз үшін стратегиялық маңызды нысан болып табылады. Заманауи технологияларды енгізу бойынша жоспарды жүзеге асыру үшін Алматы метрополитенін салу барысында «Herrenknecht AG» неміс компаниясының «Herrenknecht S-320» жоғары өндірісті тоннель қазушы кешені сатып алынған. Нысан Қазақстандағы алғашқы, Орталық Азияда екінші (Ташкент метрополитенінен кейін) және ТМД-дағы 16-шы метрополитен саналады. Метроны соғудағы басты мақсат – көлiк кептелiсiн қысқарту, қаланың экологиялық ахуалын жақсарту, сондай-ақ көлiк мәдениетiн қалыптастыруға ықпал ету.
Метро аз уақыттың ішінде алматылықтар мен қала қонақтарының сүйікті орындарына айналып үлгерді. Онда жолыңыз түсе қалса, нысанның көркіне таңғалып, суретке түсіп жүрген отбасыларды, о шетінен, бұ шетіне дейін мәз болып жүрген бөбектерді көресіз.
Метро үшiн қазынадан кеткен шығын – 166 миллиард теңге. Оның ұзындығы – 8, 56 шақырым. Пойыз жолдың бiр басынан екiншiсiне дейiн 10 минутта жетедi. Жүру жиiлiгi – 6 минут. Жол жүру ақысы – 80 теңге. Ол смарт-карта мен смарт-жетон арқылы төленеді.
Тарифті бекітерде Алматы қаласының әкімдігі ТМД қалаларындағы жолақы деңгейі мен жолаушылардың толық болмауы да ескеріліпті. Тереңдiгi – 40 метр.
Метрополитенде 7 станция үздіксіз жұмыс істеп тұр. Станциялармен жеке-жеке таныс болыңыздар:
1. Райымбек бекеті - Райымбек атындағы даңғыл мен Фурманов атындағы көше қиылысында:
2. Жібек жолы бекеті - Гоголь атындағы көше мен Панфилов атындағы көшенің қиылысында;
3. Алмалы бекеті – Қарасай батыр мен Панфилов атындағы көшелердің қиылысында;
4. Абай бекеті – Абай атындағы даңғыл мен Фурманов атындағы көшенің қиылысында;
5. Байқоңыр бекеті - Абай атындағы даңғыл мен Байтұрсынұлы атындағы көшенің қиылысында;
6. Әуезов театры – Абай атындағы даңғыл мен Жандосов атындағы көшенің қиылысында;
7. Алатау бекеті – Абай атындағы даңғыл мен Жароков атындағы көшеннің қиылысында;
Айта кететiн жәйт, әр аялдаманы безендiруде ұлттық өрнек, оюларға басымдық берiлген. Сондай-ақ, қазақтың тарихи болмысынан сыр шертетiн композициялық суреттер жерасты жолын әрлендiре түскен. Мәселен, Республика сарайы, “Қазақстан” қонақүйi, “Арман” кинотеатры, Лермонтов атындағы драма театры, жоғарғы оқу орындары мен ұлттық кiтапханаға алып баратын Фурманов көшесi мен Абай даңғылы қиылысының астында орналасқан “Абай” бекетiнде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың тұлғасы бейнеленген. Платформаның көркемдiк панносы қоладан жасалған бұдыр техникадан “Флорентиялық” нақышпен орындалып, сәулет өнерiмен үйлесiмдi болуы үшiн қазiргi заманға сай безендiрiлген. Абайдың өлеңдерi мен қара сөздерi тасқа қашалып жазылған.
Ресми ақпарат көздерiнiң хабарлауынша, ТМД елдерiнiң арасында Алматы метросы алғашқы болып қозғалыс жолының жоғарғы құрылысы шпалсыз, бетондық негiзде салынған. Метро қызметiн тұтынушыларға 6 бекетте 24 эскалатор, 9 желдеткiш және көтергiштер мен лифттер қызметi ұсынылған. Қазiргi заманға сай әрқайсысы 4 вагоннан сыйымдылығы 940 адамдық электропойыздар бiрiнен соң бiрi жолаушыларды тасымалдауда.
2012 жылы америкалық «The Coolist» басылымы әлемнің метрополитендері арасындағы үздіктерді саралаған еді. Қалың топта қара үзгендердің қатарында біздің Алматы метросы да бар. Вашингтон, Мәскеу, Тайпей, Париж, Монреаль, Франкфурт, Пхеньян, Нью-Йорк және Стокгольм метроларымен терезе теңестірген метромыз мақтануға әбден лайықты дей аламыз.
Алдағы уақытта метро құрылысының екiншi кезеңi батыс және солтүстiк бағытта жалғасып, 2017 жылы пайдалануға берілетiн көрiнедi. Егер ресми билiк өз уәдесiн орындаса, болашақта “Сайран”, “Мәскеу”, “Сарыарқа”, “Достық”, “Қалқаман” атты тағы 5 бекет өз жұмысын бастап, халыққа қызмет көрсететін болады.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева