Алатаудың құшағында жатқан әсемдігі мен әсерлілігі басым, алма төс, алтын зерлі ару қала Алматымыз бүгін кезекті туған күнін атап өтіп отыр. Мерейлі мерекесін жыл сайын қыркүйек айының үшінші жексенбісінде тойлауды дәстүрге айналдырған қаламыздың дәстүрлі іс-шаралары да бар. Соның бірі – біздер бүгін қонақта болған "Apple Fest" алма фестивалі.
Алма фестивалі бұрын-соңды ескі және жаңа алаңдарда өткізіліп жүрген болса, биылғы жылы қонақтарын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағына жинады.
Таңертеңнен бастап саябаққа қарай ағылып келіп жатқан адамдардың санында шек жоқ. Әуезді әуеннің астында жүргендердің барлығының да көңілдері көтеріңкі екені бірден байқалады. Жиналғандардың жастары да, ұлттары да әртүрлі болғанымен, барлығына да ортақ бір дүние бар – олар Алматына жанындай жақсы көреді және алмалы қаланы мерекесімен құттықтап келіп отыр.
Қақпадан кіре бергенімізде бізді жүздері жайдарлы қария мен кимешек киген әже күтіп алды.
Ұйымдастырушылар 73 гектар аймақты бірнеше секторларға бөлген екен:
Apple art – Алматы тақырыбындағы суреттер көрмесі. Сіз бұл жерден Алматы басынан өткерген оқиғалар мен Алматыны ардақ тұтып өткен белгілі тұлғалардың жансыз бейнелерін көре аласыздар.
Apple Puppet Carnival – бүкіләлемдік қуыршақтар карнавалы. Әлемнің бірнеше елдерінің өнерпаздарын жинаған халықаралық іс-шара бір аптаға дейін созылады. Бүгінгі ашылу салтанатында қойылған қуыршақтар қойылымы балалардың көңілінен шықты.
Apple Music – Алматы қаласы оркестірлерінің концерті барысында әуезді әндерді тыңдап, мерекелік көңіл-күйді одан әрмен көтергендей болдық.
Apple Family – фестивальдің ең өтімді секторы. Бұл аймақта өткізіліп жатқан мастер-класстар, отбасылық эстфеталар, цирк өнерпаздарының қойылымдары, әртүрлі байқаулар таң-тамаша қалдырды.
Apple Grass Relax – көк шалғында отырып, ғаламтор беттерін ақтарғысы келетіндерге арналған таптырмас аймақ.
Apple Bazar – алма әлемі. Аймақтағы алма жәрмеңкесінен алманың барлық сорттарынан дәм тата аласыз. Дәл осы жерде ауылшаруашылығы мамандарының ең үздіктері анықталып, олардың ерен еңбектері үшін арнайы мақтау қағаздар тапсырылды. Белгілі өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концертті де осы аймақтан тамашалай алдық.
Apple Food Fest – аспаздық мастер-класстардың ордасы. Бразилия, Перу, Испанияның ең мықты деген аспаздары тегін сабақтар өткізді. Бағдарламада таңғы ас мәзірі, алма бәліші мен алма десерттерін пісірудің 8 сабағы болды. Ересектер карамельдегі алма жасап үйренсе, бүлдіршіндер зімбір печеньесі мен алма десерттерін әзірлеуді үйренді.
Apple Drive – жастарға арналған спорт-сауық орталығы. Мұнда спортқа, биге жақын жастар жиналып, мерекені қыздыра түсті.
Apple Food Court – шағын дәмханалардың шоғырланған жері. Әртүрлі бәліштер мен сусындардың дәмін татып, асқазаныңызға да мереке жасап қоюға әбден болады.
Алматы мен алманың егіз ұғымға айналғанына ғасырлар жүзі болды және Алматы өлмейінше оның алмасы да жоғалмайды деп сенеміз. Бүгінгі фестиваль осыны дәлелдеп бере алды.
Келер жылғы Алма мерекесінде кездескенше, достар!
Дайындаған және суретке түсірген: Айгерім Сматуллаева