Алматыда дәстүрлі веломаусымның ашылуына 1300-ге жуық кәсіби және әуесқой шабандоздар қатысты. Бұл туралы astanafans.com сайты хабарлады.
Осы орайды сұхбат берген Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов: "Біз алдымызға қалада веломәдениетті дамытуды мақсат қылдық. Менің ойымша біз бұл ойымызды жүзеге асырып келе жатырмыз. Бұл жолғы веложүріс қатысушылардың саны жағынан рекорд орнатты. Күзде Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең алғашқы кәсіби велотур ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз", - деді.
Оның айтуынша, қалада велотурлардың ұйымдастырылуы басталғалы бері велосипедтердің сатылымы алты есеге өскен.
Айта кетелік, бұл жолғы веломаршқа Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың қатысуы ерекше жаңалық болды.
"Мен халыққа тосынсый жасағым келді. Қала әкіміне осымен бесінші жыл веложүрістер өткізіп жүргендігі үшін алғыс айтамын. Қаланың тазалығы мен жылдам салынып жатқан жолайрықтар мені қатты таңқалдырады. Болашақта велосүйер қауымды жол бойынан әр екі апта сайын көреміз деп үміттенемін", - деді Винокуров.
Бұл маусымдағы алғашқы веложүріс Әл Фараби көшесінің бойында ұйымдастырылды. Қатысушылар Тәттімбет көшесінен бастап Қазақстанның тұңғыш президентінің паркіне дейін жүріп өтті.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: astanafans.com