- Негізгі бет
- Қазақстаным
- «Алматы аруы –...
«Алматы аруы – 2012» анықталды
Алматы қаласында қала аруы анықталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz сайтының тілшісі «Қазақстан аруы» байқауының атқарушы директоры Совет Сеитовке сілтеме жасай отырып.
«Алматы ару – 2012» тәжіне «Тұран» университетінің студенті 18 жасар Фарида Малик ие болды.
«Табиғи болмысы ерекше Фариданың әкесі – үндіс, шешесі – қазақ. Ол бимен айналысады екен. Барлық қасиетімен әділқазы алқаларының біразының көңілінен шықты», - дейді Сеитов.
Ал Алматы қаласының вице-аруы атағын 22 жасар ҚМЭБИ-дің студенті Айгерім Үзембаева алып, екінші орынға жайғасқан. «Біздің биылғы байқауымызда екінші вице-арудың екеуі анықталды. Біріншісі - UIB студенті Ксения Казакова. Ол 21 жаста. Ал екіншісі - Карина Жетесова. Ол да 21 жаста», - деп түсіндірді сұлулық байқауының өкілі.
«Алғашқы байқау спорт түрінде өтті. Оны біз өзіміз ойластырдық. Бұл сынақты біз отызыншы олимпиада ойындарында толағай жеңістермен қоржынымызды толтырған жеңімпаздарға арнадық. Әрбір қатысушы өзіне қолайлы спорт түрін таңдады да, All Давайдың "Алға, Қазақстан" әнімен бақ сынасты», - дейді Сеитов. Одан соң ару қыздар қазақстандық сәнгер Михаил Кравецтің жаңа жинағындағы костюмдерін киіп шығып, өнер көрсетті. Ал үшінші кезеңде олар әділқазылар алқасы мен көрермен алдына Jado сән үйі дайындаған ұлттық көйлектермен шықты.
Онымен қоса, қыздар биылғы байқауда суға түсетін киімдермен жамылғысыз сән көрсетті. Бұл сын байқауда бұрын-соңды болмаған еді.
Байқауда «Көрермен көзайымына айналғаны үшін» Ақерке Задауалы марапатталды. «Ол өзіне отыз пайыздық көрсеткішпен дауыс жинады. Ақерке – өте әдемі және ақылды ару. Ол тіпті байқауға қатысып жүргенде, Францияға магистратураға түсу үшін емтихан тапсырып жүрді», - деп «Қазақ аруы» байқауының атқарушы директоры ырзашылығын білдіреді.
«Алматы аруы – 2012» байқауының ақтық мәресіне 17 жастан 25 жасқа дейінгі 22 сұлу қатысты. Қорытынды байқау Көктөбеде өтті. Кіру тегін болған шараны тамашалау үшін 1700 шамасында халық жиналған.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет Фарида Маликтың vk.com-дағы жеке парақшасынан алынды