«Нұр Отан» партиясының Саяси менеджмент мектебінің директоры, Global Shapers Астана хабының кураторы Әсет Әбдуалиев әлемнің ең белсенді жастарының басын қосқан халықаралық қауымдастыққа мүше болудың жолдарын әңгімеледі, деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.
«Бұл оп-оңай нәрсе: www.globalshapers.org сайтына өтініш толтырып, тұрғылықты қалаңды таңдайсың. Мысалы, Астананы белгіледің делік. Сосын, түйіндемені жүктеу ғана қалады. Әрмен қарай хаб өкілдері үміткердің өтінімін қарастырып, сұхбат жүргізеді. Егер ол лайықты деп табылса, Global Shapers Hub порталына өз анкетасын жүктеу мүмкіндігіне ие болады. Яғни, ресми түрде Global Shaper атанады», – деді Global Shapers Астана хабының кураторы.
Дегенмен, ол шейпер болудың үлкен жауапкершілік жүктейтінін де айтып өтті. Сондай-ақ, алдағы күндері «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Назарбаев университетінде өтетін Shape Eurasia кездесуінің бұған нақты дәлел болатынын жеткізді.
Айта кетейік, Global Shapers Community – 20 мен 30 жас аралығындағы көшбасшы жастардың қауымдастығы. Дүниежүзілік экономикалық форум бүкіл әлем жастарының болашағы үшін осындай саяси платформа қалыптастырған. Жобаға кез-келген мамандық иесі қатыса алады. Ең бастысы, олар қоғамға пайдалы қандай да бір жоба ұйымдастырып немесе жаңа идея ойлап табуы тиіс. Global Shapers Community қатысушылары әлемнің ірі қалаларында кездесулер ұйымдастырып отырады, ол жиындарда бір-бірімен идея және тәжірибе алмасады.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: shapeeurasia.kz, Әсет Әбдуалиевтың мұрағатынан