"Әлем аруы" байқауы Алматыда өте ме?

"Әлем аруы" байқауы Алматыда өте ме?

Бірнеше жылдан бері үздіксіз өткізіліп келе жатқан дәстүрлі халықаралық "Әлем аруы" байқауының финалы Алматы қаласында өтуі мүмкін.

Бұл туралы қалалық жастар саясатының басқарушысы Санжар Боқаев хабарлады. Санжар мырзаның айтуынша, оңтүстік астана мұндай ауқымды іс-шараны өткізуге дайын. "Алматы аруы" сынды байқаулардың бұрын-соңды өткізіліп көруі бұл сөзді дәлелдей алады.

Ал "Қазақстан аруы" байқауының президенті Алена Ривлина елімізде осындай халықаралық конкурстардың өткізілуіне таң қалудың керегі жоқ дегенді айтып отыр. Себебі, "Әлем аруы" сайысының қожайыны бірнеше жыл бұрын Алматыда қонақта болып, қаланы ұнатқан екен. Сондай-ақ, Қазақстаннан барған арулар халықаралық жобаның ақтық мәресіне жиі шығып тұрады және бірнеше рет арнайы сыйлықтарға ие болған. 

Алайда, "Әлем аруына" Қазақстанның аманатын арқалап шыққан Айнұр Төлеуованың сәтсіздігі кері әсерін беруі мүмкін деген болжамдар да айтылып отыр. Бұған дейін өздеріңізге қазақстандық сұлудың "Спортқа ең жақын ару" деген сайыста финалға жолдама ала алмағанын хабарлаған болатынбыз.

Биыл "Әлем аруы-2013" финалына Украина, Франция, Филиппин аралдары, Италия, Индонезия, Қытай, Бразилия, Ямайка, Ганна, Молдова және Испаниядан келген сұлулар қатысатын болды. Бағы жанған арулардың әрқайсысы сайыс барысында 10 ұпайдан алды. Бүгінде бұл байқауды әлемнің 200-ден астам елдері тамашалайды екен.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет:rbcdaily.ru