- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Алатауда аю көбейді...
Алатауда аю көбейді – зерттеуші
Алатауда жоғалып кетудің шақ алдында қалған, Қызық кітапқа енген Тянь-Шань аюы қайта қалпына келуде. Соңғы бес жылда саны біршама өсіп қалған аюдың бұл түрі қазір Алматы қаласының маңындағы шатқалдардан көруге болады.
Осылай дейді ҚР Зоология институтының ғылыми қызметкері, зоолог Санжар Қаңтарбаев.
Оның айтуынша, елімізде аю атуға тыйым салынғанның арқасында қазір Қазақстанда ғана таралған Тянь-Шань қоңыр аюының көбейгені байқалуда.
"Қазақстанда аю атуға тыйым салынғанына биыл 6 жыл болды. Салыстырмалы түрде алсақ, аюдың саны қалпына келуге бұл уақыт толық жеткілікті. Аю екі-үш рет төлдеп үлгереді. Бес жылдың ішінде бір буын толық ауысып үлгереді. Аюдың көбейгенін өзім де байқап жүрмін. Алматының тауларына шыққанда аюды жиі кездестіретін болдым. Жақында ғана Аюсайдың етегінен қонжығын ерткен аюды көргенде таңқалғаным бар. Себебі бұл шатқал Алматы қаласына тура тиіп тұр", - деп түсіндіреді зоолог.
Қазақстанда таралған қоңыр аю Сібір аюларына ұқсайды. Бірақ оған қарағанда тұрқы шағындау. Сібір мен Аляскада тараған аталастары – қоңыр аюдың салмағы 800 келіге дейін жетсе, Памир қоңыр аюларының ірісі 600 келіге жетеді. Ал Тянь-Шань аюларының орташа салмағы 200 келідей ғана, ең ірісі 400 келіге жетуі мүмкін. Матай (аталық) аюлардың бойы 1,35 метр болса, денесінің ұзындығы 2,55 метрге жетеді.
"Жалпы Алматы маңында аюдың көбейгенін 2015 жылы байқалған. Сол жылдары Қырғауылды өзені мен Прохлодный, Аюсай шатқалдарынан аюдың тезегін көп кездестірдік", - дейді Санжар Қаңтарбаев.
Оның айтуынша, қазір Тянь-Шань тауының қазақстандық бөлігінде 600-ге жуық қоңыр аю мекендейді. 1990-жылдары 200-ге дейін азайып кеткен еді.
Бұл қоңыр аю негізінен Жоңғар Алатауы мен Тянь-Шань тауын мекендейді. Өгем, Талас, Ақсу-Жабағылы, Алтын Емел, Қояндытау, Қайқан шатқалдарында тараған. 5-7 ай қыста ұйқыда жатады. Қазан мен қараша айының ортасында ұйқыға жатып, наурыз-сәуір айларында оянады. Аналығы 1-3 қоншық туады, көбіне екіден қоншықтайтын көрінеді. Екі жылда бір рет қоншықтайды. Жылдық өсімі 13-19 пайызды құрайды.
Негізінен жеміс-жидек, шөппен қоректенеді.
Қ. Слямбек