- Негізгі бет
- Қазақстаным
- «Алатау алабында» атты...
«Алатау алабында» атты дәстүрлі өнер кеші дүркіреп өтті
ҚР-ның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында «ұлттық қод, ұлттық мәдениет сақталмаса ешқандай жаңғыру болмайды» деген болатын. «Бар өнерін бармақтың басына, тілдің ұшына қондырған халқымыздың көп шежіресі, көнекөз естелігі ән мен күйде, жыр мен толғауларда жатыр» деген елбасының сөзі барша қазақтың жүрегінен орын алды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбектің қолға алуымен құрылғанына 1 жыл толған «Алатау дәстүрлі өнер театры» мен қала күні мерекесіне орай «Алатау алабында» атты үлкен кеш өтті.
«Алатау дәстүрлі өнер театры» сан ғасырлар бойы аттың белі, атанның қомында жүріп егемендік аңсаған асыл бабаларымыздың, байырғы өнер иелерінің арманын арқалаған еліміздегі алғашқы өнер ордасы.
Көпшілік жиылған кеште дәстүрлі өнер иелері, осы даланың хас саңлақ сахнагерлері өнер көрсетті. Еліміздің әр аймағынан дәстүрлі өнер иелерінің жиналуы ұлттық өнерге деген үлкен құрмет. Осы кешке қала әкімі Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек те арнайы қатысты.
Ұлтымыздың көнекөз шежіресі халық әндерінде қордаланған. Аналардың әлдиі арқылы жүрекке жетіп, құлақ құрышын қандырып жүрген әндердің бірі «Қияқ Пірім-ай». Батыс Қазақстан әншілік үрдісінің бірегей өкілі Мұхит салдың мұрагері, Ғарифолла Құрманғалиевтің көзін көрген шәкірті Сәуле Жанпейісова алғаш боп әуелетіп ән шырқады.
Алғаш рет Париж сахнасында Әміре Қашаубаев орындаған «Дудар-ай» әнін кең тынысты, баритон дауысты Ербол Айтбаев нақышына келтіріп орындап берді.
Алтын Орда дәуірінің ақберен жырлары мен ақбура әндері өзінің қарашаңырақ қазығын батысқа қадағаны белгілі. Мұхит салдың әндерін айту үшін орындаушыға дауыс пен бірге биік өре керек. Арыны асқақ әншінің бірі, Атырау өңірінен арнайы келген БҚО, Сырым ауданының тумасы, қасиетті топырақтан алған тәлімі таңдайына ән боп құйылған қаршыға дауысты Қайрат Кәкімов Мұхиттың «Көк айдай» әнін әуелете шырқады. Артынша ол Атырау өңірінде өмір сүрген Бораш деген кісінің «Дауылымпаз» әнін орындады.
Арқа әншілік мектебінің басында тұратын аңыз әншінің бірі – Біржан сал. Біржан әндерін шебер орындаушы, сахнагерлік пен ұстаздықты тең ұстаған Ардақ Исатаева Біржан салдың «Жонып алды» әнін шырқады.
Бір ғасырға жетер-жетпес уақытта қара сырнай қазақ руханиятының қақ төрінен орын алды. Шашубай мен Нартайдан, Тайжан мен Майрадан қалған мұра бұл күнде әлемге танылды. Сырлы дауысты Клара Төленбаева «Игигай» әнімен көрермендердің көңілін бір серпілтіп тастады.
Домбыра – қазақтың жаны. Домбырашы қыздардың арасында қазақ күйін әлем жұртына мойындатқан Дина Нұрпейісованың «Науаи» күйін соңына жарқын із тастап келе жатқан дәулескер күйші Айгүл Үлкенбаева орындап берді.
Оңтүстікте Майлықожаның толғауларына ерекше мән берген. Оны заманына лайықтап түрлендіріп айтып жүрген орындаушыынң бірі әнші, сазгер Жәкен Омаров өзінің терме сазымен Майлықожаның сөзімен «Ата-ананың қадірі» атты термесін айтты.
Аттың белі, атанның қомында жүріп ел қорғап, отан үшін отқа түскен намысын нарға жаныған ата-бабаларымыз асқақ жауынгерлік рухты рухани мұраларына таңбалады. Ұлттың өр мінезі ұялаған дәстүрдің бірі Мұхит салдың мұрасы. Әуелетіп салғанда ғана асқақтай түсетін өр рухпен қауышқан орындаушы ғана Мұхит әндерінің екінші тынысын аша алады. Күміс көмей әнші Айгүл Қосанова сал Мұхиттың «Кіші айдайын» әуелетіп, көрермендерге ерекше сезім сыйлады.
Сып саздарын дүние жүзіне таныстырып жүрген ғалым, әнші Ұлжан Байбосынова Жиенбай жыраудың жыр бастауын» орындап, жүректерге жылу ұялатты. Сондай-ақ белгілі күйші Нұркен Әшіров Нұрғиса Тілендиевтің "Аққу" күйін тартып, артынша залдағы көрермендер тағы күй сұрады. Күйші тағы да Н.Тілендиевтің "Баламишка" күйін орындап, құлақ құрышын қандырды.
2 сағатқа созылған керемет кештің соңы естелік суретке түсуге ұласты.
Ж. Жұмағұлов