Қазақстан Алакөлді ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттарының құрамына кіргізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚазТАГ ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросының басшысы Сергей Лазаревке сілтеме жасай отырып хабарлады.
"Қазіргі кезде Қазақстандағы "Адам және биосфера" комитеті осы мәселеге байланысты құжат дайындап қойды. Бұл қағаздар қыркүйек айының ішінде Парижге жіберіледі. Содан кейін Алакөлдің бұл тізімге кіруге лайық не лайықсыздығы анықталып, шешім шығарылады. Нақты жауап келесі жылдың жазына дейін айтылады", - деді Лазарев TURKSOY мүшелерінің ЮНЕСКО ісі комитеті мен ұлттық комиссиясының III отырысында. Отырыс бүгін, яғни, 13 қыркүйекте Алматы қаласында өтті.
Бюро басшысының ойынша, Алакөл биосфералық резерват тізіміне енуге әбден лайық.
Отырыс аясында, сонымен қатар, Қорғалжын қорығына биосфералық резерват статусын беру рәсімі өтті. Айта кетелік, бұл шешім 2012 жылдың 11 шілдесінде ЮНЕСКО-ның "Адам және биосфера" бағдарламасының халықаралық координациялық кеңесінің мақұлдауымен қабылданды.
Мәжіліске TURKSOY құрамына кіретін 14 мемлекет пен автономиялық аймақтардың, Ресейдің, ЮНЕСКО-ның аймақтық офистерінің өкілдері қатысты. Жиылғандар түркі әлемінің мәдени, табиғи объектілерін сақтау және қорғау туралы сұхбаттасты.
Айта кетелік, Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісі (World Network of Biosphere Reserves) ЮНЕСКО-ның "Адам және биосфера" бағдарламасының аясында ашылды. Жоба мақсаты жер бетіндегі қорғауға мұқтаж табиғи мұралардың қалыпты дамуына жағдай жасау.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: taukomek.kz