Ақтөбе бекінісінде 19 ғасырда үлкен қала бой көтерді. Қаланы бекініс атымен атап кетті. Ақтөбе – Батыс Қазақстанның экономикалық орталығы. Бұл қалада түрлі саладағы өнеркәсіп мекемелері орналасқан.
Қаланың басты көшелерінің бірі Әбілқайыр хан даңғылының ескі атауы Ленин даңғылы болатын. Бұл даңғыл жол вокзалдан бастау алып, қала шетіне дейін созылады. Қаладағы қоғамдық көліктер үздіксіз қозғалады.
Әбілқайыр хан даңғылының бойында Қобыланды батыр атындағы орталық стадион орналасқан. Бұл стадион футбол жарыстарын өткізу үшін салынған. Дәстүрлі жүгіру жолдары қарастырылмаған. Стадион құрылысы халықаралық стандарттарға сай. Бұл стадионда «Ақтөбе» клубы жаттығады.
Әкімшілік және жеке меншік мекемелердің барлығы дерлік Әбілқайыр хан даңғылының бойында орналасқан. Мұражайлар, ескерткіштер т.с.с. қаланың бірқатар көрікті мекендері осы даңғылда бой көтерген. Үлкен «Нұрғасыр» облыстық мешіті мен Әулие Николь православ шіркеуі де Әбілқайыр хан даңғылында тұрғызылған. Екі нысан бір-біріне қарама-қарсы орналасқан. Бұл конфессионалдық келісімнің нышаны іспетті.
Ақтөбе қаласының көше атаулары Ұлы Отан соғысымен байланысты. Мысалы, Әлия Молдағұлова атындағы көше, 312-атқыштар дивизиясы, т.с.с. Ұлы Отан соғысы кезінде бұл аймақта 101-атқыштар бригадасы мен 312-атқыштар дивизиясы жасақталған.
Соғыс жылдары Ақтөбеге Ресей, Беларусь, Украина, Молдова елдерінен қоныс аударған өнер мен әдебиет қайраткерлері бұл аймақтың рухани-гуманитарлық пен мәдениет салаларының дамуына сүбелі үлес қосқан.
Қазақ жеріндегі алғашқы планетарий 1967 жылы Ақтөбеде ашылған. Бұл жақта күн мен айдың тұтылуы, метеорлы жауын-шашындар, болид, комета т.с.с. аспандағы құбылыстарды байқауға болады.
2009 жылы Ақтөбе қаласының 140 жылдық мерейтойына орай, қалада Бірлік және Келісім бульвары ашылды. Аумағы 64 мың шаршы метрге жететін бульварда «Шаңырақ» монументалдық-көркем ансамблі, амфитеатр және музыкалық субұрқақ орналасқан. 170 орынды амфитеатр көрермендерге ойын-сауық бағдарламаларын ұсынады. Ал музыкалық субұрқақ қазақ әндері мен танымал классикалық шығармаларды репертуарына қосқан.
tiktok парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!