Ақтау – мұнай астанасы

Ақтау - Қазақстанның оңтүстік-батысында орналасқан, Маңғыстау облысының (ескі аты Маңғышлақ облысы) орталығы. 1961-1964 ж.ж. аралығында Ақтау поселкесі, кейін Ақтау қаласы деп аталды. XIX ғасырдың ортасында Қазақстанға жер аударылған украин ақыны Тарас Шевченконың құрметіне 1964-1991 жылдары қала Шевченко деп ресми айтылды. Оның пайда болуына Кеңес Одағы басшылығының жиырмасыншы ғасырдағы орта машинажасау министрлігі қатысуымен және сол кездегі министр Славский Е.П. басқаруымен елдің ядролық қалқанын жасау туралы шешімі әсер етті. Нәтижесінде уран кенін өндіру, оны өңдеу және байыту сияқты амалдарды орындай алатын ерекше кешен құрылды.

Қалада 1972-1999 жылдар аралығында еліміздегі жалғыз саналатын «МАЭК» атты АЭС жұмыс жасады. Қазір атом реакторларында уран отыны қолданылмайды, оның орнын газ басқан. Осы МАЭК арқасында қала тұрғындарына теңіздің суы тұщытылып, ауыз су ретінде беріліп отыр.

Қалада теміржол вокзалы жоқ. Пойыздар Маңғыстау станциясына келіп тоқтайды.

Оның себебі - кеңес үкіметі кезінде қаланың бас жоспары бойынша Ақтау қаласының аумағы Маңғыстау станциясына дейін болады деп жоспарланған.

Алайда кейін еліміз тәуелсіздік алғаннан соң, бас жоспар қайта қаралып, нәтижесінде Ақтау қаласының аумағы кішірейтілді.

«Ақтау халықаралық әуежайы» да осы жоспар бойынша қаладан тысқары салынған.

Қазір де ұшақтан түскен жолаушыларға қалаға дейін 25 шақырымдай аралықты көлікпен жүріп өтуіне тура келеді.

Қала ішіндегі автобустардың бағасы - 35 теңге, таксилердің бағасы шамамен - 200 теңге. Ақтау – Қазақстандағы көшелері жоқ жалғыз қала болып саналады. Қала шағын аудандарға бөлінеді. Олардың қазіргі саны – 31. Яғни такси ұстайтын болсаңыз, жүргізушіге шағын аудан мен үйіңіздің нөмірін бірге айтасыз. Мысалы, 13-29 десеңіз болғаны, такси сізді 13-ші шағын аудандағы 29-шы үйдің жанына әкеліп тастайды.

Тағы бір қызығы, таксиді қаланың кез келген жерінен ұстасаңыз да, діттеген жеріңізге жету үшін бар-жоғы 200 теңгеге ұстайсыз. Ал тасымалдау компаниясының көлігін үйіңізге шақырар болсаңыз, әрі кетсе 300-400 теңге төлейсіз.

Ақтауда Абай атындағы мәдениет сарайы, Н.Жантөрин атындағы драма театры, көптеген кинотеатрлар (Ардагер, Астана, Бәйтерек.), түнгі клубтар бар (Лагуна, Дискай, Элико және т.б.).

Теңіз жағасында ойын-сауық орталықтары, спорт және мәдени кешендері, демалыс орындары жетерлік.

Жаз мезгілінде қала тұрғындары мен қонақтарына арнайы жекешелендірілген жағажайларлар қызмет етеді: "Достар", "Nur Plaza", "Манила".

Қыс айларында Каспий жағалауына аққулар келіп, қаланың сәніне сән қосады. 

Ақтау порты - Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан.

Ақтау түрлі халықаралық құрғақ жүктерді, мұнай шикізатын және мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған Қазақстандағы жалғыз порт болып табылады. 

Қаладағы тұрғын үйлердің бірінде теңіздегі кемелерге жағалау белгісін беретін маяк орнатылған (оң жақта).

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/h6PCqaH-59Y","width":"450","height":"300"});

Оқи отырыңыз:

Семей – Шығыстың астанасы

Тарих астанасы – Тараз!

Қызылорда – Қазақстанның бұрынғы астанасы

Шымкент – салт-дәстүрдің астанасы

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: voxpopuli.kz, lada.kz