Қыркүйек айының 10-16 жұлдызы аралығында QazaqGeo бірлестігінің Торғай геоглифтеріне ұйымдастырған экспедициясы барысында тосын оқиғалар көп болды. Солардың бірі Торғай свастикасын зерттеу кезінде орын алды. Археологтар, гидрогеологтар, туризм саласындағы сарапшылар, ГИС және топотүсірілім саласындағы мамандар жұмыс істеп жатқан алаңқайға жақын маңда тұрған Ағаштыкөл ауылының Ерлан есімді тұрғыны келіп, мамонт сүйегін тапқанын және ол сүйекті мамандарға көрсеткісі келетінін айтты. Бұл жайтқа қуанған экспедиция мүшелері шұғыл түрде ауылға аттанып, жәдігерді зерттеуге кірісті. Қолдарында арнайы құралдар болмағандықтан мамандар сүйектің нақты қай жануарға тиесілі екенін анықтай алмады. Алайда өз тәжірибелеріне сүйеніп, бұл мамонттың немесе мамонт төлінің сүйегі деген болжам жасады.
Пішініне қарап, бұл жануардың жауырыны деп нақты айтуға болады. Кейіннен белгілі болғандай, ол осыдан 20 жыл бұрын Торғай өзенінің суы азайған шақта табылған екен. Қазіргі уақытта салмағы 13 киллограмнан асатын сүйек — оны тапқан әулеттің ғана емес, бүкіл ауылдың қонақ келгенде мақтана көрсететін жәдігеріне айналған.
Назарларыңызға Ағаштыкөл ауылынан дайындалған арнайы видеоны ұсынамыз. Қалай ойлайсыз, бұл расымен мамонт сүйегі ме?