VII жастар Дельфи ойындары басталды

Астанада VII Делфи ойындарының ашылу салтанаты өтті.

Жиын аясында Президент әкімшілігінің жетекшісі орынбасары Бағлан Майлыбаев сөз алып, ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемін жеткізді: "Аяулы достар, Дельфи ойындары шығармашылық, талант және жастық шақтың көркем мерекесі. Осынша кең ауқымдағы өнерді бір жерге жиған жалғыз сайыс. Бүгін Еуразияның жүрегінде - Астанада 20-дан астам елден келген өнерпаздар өздерінің музыкадағы, би өнеріндегі, сурет салудағы, әдебиеттегі жетістіктерімен бөлісуге жиналып отыр. Сіздер өз халықтарыңыздың мәдениетінің, дәстүрінің көрнекті үлгісісіздер. Сіздер елдеріңіздің салтын сақтап, қастерлейтін, әдеміліктің қадірін, бағасын білетін жаңа ұрпақсыздар. Бүгінгі кездесу - өнеріңіздің жетіліп, кәсіби, шығармашылық байланыс орнатуға жақсы мүмкіндік. Сіздерге сенімділік пен шығармашылық жеңістер тілеймін".

Шараның құрметті қонақтарының бірі Қазақстанның білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов барлық қатысушыларға сәттілік тілей отырып, елге қонақ болғандары үшін алғыс айтты.

Айта кетелік, VII жастар Дельфи ойындарында 250 қазақстандық бағын сынайтын болады. 10-25 жас аралығындағы қатысушылар 19 номинацияға сыйған дәстүрлі өнерден бастап веб-дизайнға дейінгі ілімдерін ортаға салатын болады. Әрбір номинациянада арнайы қазылар төрелік ететін болады. Қазылар алқасының құрамына 14 елден жиылған 62 өкіл кіреді.

Қазақстан бұл ойындарды осымен екінші рет қабылдап отыр. Естеріңізге сала кетелік, байрақты бәсеке елімізде бұған дейін 2006 жылы өткен болатын. Шара 29 қыркүйекке дейін жалғасады.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: inform.kz