New York Times Астананы «Солтүстік Дубай» деп атады

New York Times Астананы «Солтүстік Дубай» деп атады
Фото: gosarchive-astana.kz

Батыс баспасөзі Астана мен Қазақстанның дамуы, Жібек жолының пайда болуы туралы жаңа теория және Моңғолияда тұратын Айшолпан жөнінде түсірілген «Бүркітші» фильмі жайлы комментарийлер жазған.

Осы аптада америкалық New York Times газетінде «Қазақстанның постсоветтік кезеңде құрылған астанасы тамыр жая бастады» деген мақала жарияланды. Журналист Энн Барнард Астанаға барған сапарынан алған әсерлерін «Қаланың бой көтеруінің өзі Мәскеу мен Ресейдің оңтүстік перифериясында жатқан мұсылмандар көп тұратын аймақтар – Кавказдағы мемлекеттер мен жартылай автономды республикалардан бастап Түркиядан солтүстікке қарай Қазақстанның шығысындағы ең шеткі шекарасына дейін, Катмандудан да ары жатқан шығыс елдері арасында ғасырларға созылған беймаза биді көрсетеді» деп сипаттаған. New York Times тілшісі Астананы «Солтүстік Дубай» деп атап, қаланы әбден мақтаған.

Энн Барнардтың пікірінше, «Астана – Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеумен ептілікпен тіл табысуының көрінісі». Елдің тәуелсіздік алған кезден бергі жалғыз президенті Нұрсұлтан Назарбаев биліктің мәлімдеуінше, бұл қызметке бес рет сайланған, ал соңғы рет сайлаушылардың 97,5 пайыз дауысын алған. 

New York Times газетінің тілшісі Астанадан алған әсері жайлы комментарийінде Назарбаевтың кей «жетістіктерін», мысалы оның басшылығымен Қазақстан «ресурстарға бай және маңызды мемлекетке» айналғаны, ядролық қарудан бас тартқаны, Ресей мен көрші мұсылман елдері арасында ұстанатын оңтайлы маневрлері және ұлтаралық жанжалдарға жол бермей отырғаны үшін мақтаған. New York Times газеті мақаласындағы бұл тұжырымдар Қазақстандағы оқырманға мүлде таңсық болып көрінбеуі мүмкін, өйткені ел билігіне іш тартатын баспасөз ондай тұжырымдарды жылдан жылға таратып келеді.

«Қазақстанға әлі де болса демократия мен ұтымды басқару жағы жетіспейді, елдің коррупция және баспасөз еркіндігі рейтингілеріндегі нәтижелері нашар. Шағын, онша жайлы емес қалаларда тұрмыс деңгейі әлдеқайда төмен, ал инфрақұрылымы нашар және көмір тозаңдарымен ластанған болуы мүмкін» деп жазады New York Times.

Азаттық

М. Оңғарова