Жуырда National Geographic журналының қазақ тіліндегі алғашқы саны жарыққа шықты. Бұл мемлекеттік тілде таралатын тұңғыш шетелдік басылым болып отыр. Басылым алғашқы санынан-ақ еліміздегі маңызды экологиялық мәселелерге назар аударды. "Арал тағдыры − адам тағдыры" деп аталатын мақалада ғаламшардағы ең үлкен су қоймасы, Орталық Азияның маңызды стратегиялық нысаны − Арал теңізінің жай-күйі баяндалған.
Құрылтайшылардың айтуынша, "National Geographic Қазақстан" журналының негізгі мақсаты – экологиялық мәселелермен қатар, еліміздің қайталанбас сұлу табиғатын, өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесінің алуандығын насихаттау. Сондай-ақ, қазақстандық ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми ізденістеріне ақпараттық қолдау көрсету. Осы мақсатта журнал ұжымы биыл еліміз бойынша бірқатар зерттеу экспедициялары мен фотокөрмелер ұйымдастырмақ екен. Осы ретте біз сіздерге tengrinews.kz сайтының тілшісі Ардақ Құлтайдың журналдың жауапты редакторы Мақсат Ясылбайұлынан алған сұхбаттын назарларыңызға ұсынамыз.
− Журнал Орталық Азия аймағы бойынша бірінші болып Қазақстанда жарық көрді. Бұл идея қалай пайда болды? Қалай жүзеге асты? Сатылап әңгімелеп берсеңіз.
− NatGeo Wild телеарнасын көрген сайын, шіркін, осы арна неге қазақ тілінде көрсетілмейді екен деп армандайтын едік. Іші-бауырыңа кіріп, жануарлардың жанында жүргендей әсерге бөлейтін бағдарламаларына қарап тамсанатынбыз. Кейін білдік, National Geographic деген құрамына көптеген ұжым кіретін үлкен қауымдастық екен. Сол қауымдастықтың ең негізгі темірқазығы осы National Geographic журналы. Журналдың алғашқы саны 1888 жылы жарық көрген болатын. Содан бері 128 жыл бойы адамзатқа тек ғылым-білім бағытында ақпарат таратып келеді.
Көркемдеп айтсақ, Құдайға шүкір, енді міне, бір кездегі сол арманның жалына қос қолымызбен жармасқандай болып жатырмыз. National Geographic журналы Орталық Азия бойынша алғаш рет Қазақстанда жарыққа шығып отыр. Және де бұны біз ерекше мақтан тұтамыз. Журнал құрылтайшысы − отандық медиа-нарықта танылып үлгерген KAZMEDIA HOLDING ЖШС компаниясы. "Бұл идея қалай пайда болды" деген сұраққа қысқаша осылай жауап беруге болады. Ең бастысы жақсы идея болса болды. Қалғаны табанды еңбектің еншісінде.
− Журналдың тұңғыш санында Президент Нұрсұлтан Назарбаев "Мен әлемге әйгілі басылымның Қазақ жерінде, қазақ тілінде жарық көруін ана тіліміздің халықаралық деңгейдегі тағы бір жетістігі деп бағалаймын" деп батасын берген екен. Әйгілі журнал жайлы және қазақ тіліндегі нұсқасы жайлы қазақ оқырманы не білуі керек? Басылымның мақсаты не? Табиғат туралы ғылыми мәліметтермен қоса қандай миссиясы болады?
− Шынымен де, алғашқы нөмір дайындалып жатқанда редакциямызға Елбасымыздың өзі арнайы құттықтау жіберуі біз үшін үлкен тосын сый болды. Бұл хат шығармашылық ұжымды бір серпілтіп тастады. Өз басым бұны "осындай тың дүние жүзеге асып жатыр" екен деп, ол кісіні дер кезінде ақпараттандырып отырған Президент баспасөз қызметіндегі азаматтардың кәсібилігі дер едім. Елбасы өткен жылдың қыркүйек айында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ жиынында қазақша баяндама жасағанын білесіз. Біз тура сол кезде Вашингтонда журналдың лицензиясын алу, жұмыс процесін пысықтау бойынша америкалық әріптестерімізбен келіссөздер жүргізіп жатқан болатынбыз. Елбасы National Geographic журналының қазақша шыққалы жатқандығы туралы сол жолы естіп білген болуы керек деп ойлаймын. Ал енді журналдың не жазатыны, тақырыбы көпшілікке мәлім. Сұхбатта бәрін айту мүмкін емес. Нақтырақ білу үшін әрине алып оқу керек.
− Аударманы ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аударатындарыңыздың да белгілі бір мақсаты бар шығар. Үйреншікті болып кеткен орыс тілінен жасалатын аударма мен түпнұсқадан аударудың қандай ерекшеліктері бар? Мұнда жер-су атаулары, ғылыми терминдердің қазақша баламалары сияқты мәселенің де бір ұшы шығып отыр дегендей...
− "Үйреншікті боп кеткен" деген сөз басқаша айтқанда стереотип деп аталады. Бүкіл әлем ағылшын тілі мұхитынан азық алып отырғанда біздің көлшікке телміргеніміз жөн бе? Стереотипті өзгертпей, сана жаңармайды. Әрине, басталған істің қиындығы аз болмайтыны сөзсіз. Кейде жаңылыс кетуің мүмкін. Кейде дұрыс болады. "Ештеме істемеген адам ғана қателеспейді" деген сөз бар емес пе? Дегенмен қазақ тілі ғылым мен технологияның тілі бола алатынына, ІТ мен өркениет көшінде өз орнын табарына кәміл сенуіміз керек.
− Ал аудармадан өзге еліміздің әсем де бай табиғаты жайлы тың мақалаларыңыз жариялана ма? Осы арқылы еліміздің табиғатты пайдалану, қорғау жөніндегі органдарының жұмысына ақпараттық бақылау қоясыздар ма?
− Келісімшарт бойынша журналымыздың алғашқы сандарында әлемдік мазмұнды аударып беріп отырамыз. Онда да біз өз оқырмандарымызға қызықты деген зерттеулерді іріктеп аламыз. Бірте-бірте жергілікті мақалалар бере бастаймыз. Бірақ оларды дайындау ұзақ уақыт пен көп күшті талап етеді. Қазір біз бірнеше тақырып бойынша зерттеулерімізді жүргізіп жатырмыз. Мемлекеттік органдардан қазірше ұсыныс білдіргендері жоқ. Бірақ ортақ жобалар жасап, бірлесе зерттеу жүргізуге біз дайынбыз.
− Аңызға айналған Newsweek апталығының шығыны 2007 жылдан бері көбейіп, 2012 жылы бір жола электронды нұсқаға өтті. Осындай медиа алпауыттардың күйреп жатқаны (бәлкім жаңа өріске шығуы) жайлы мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Көптің көкейінде жүрген бір сұрақ - қазіргі дағдарысқа байланысты журнал шығару қиын көрінеді. Баспа таблоидтарының барлық түріне де алғашқы жарна қажет. Мұның қомақты қаражат болуы керек екені белгілі. Алайда сіздер осы дағдарыстың нағыз қызған шағында іске кірісіп отырсыздар. Журнал өзін ақтай ала ма? Осы жағдайды түсіндіріп берсеңіз.
− Бұл сұрақ − өте өзекті және кесіп жауап беруге қиын сұрақ. Бірақ сіз бұл сұрағыңызбен баспа индустриясындағы шетін мәселесіне дөп басып отырсыз. Өмір алға жылжыған сайын адамдардың санасы да ұдайы өзгеріп отырмақ. Қоғам дамуымен қатар технология да қарыштау үстінде. Бірақ қоғамда өзгермейтін де құндылықтар бар. Мысалы, кино пайда болғанымен театр жоғалып кеткен жоқ. Сол секілді газет-журналдардың дәуірі аяқталып, барлығы интернетке ауысып кете қоймасы анық. Рас, белгілі бір деңгейде динамикасы төмендеуі мүмкін. Оған қоғамдық поп-мәдениет те белгілі бір дәрежеде әсер етуде. Бірақ бүгінде жарнаманың он-лайн нұсқасына қарағанда қағаздық нұсқасы тұтынушыға көбірек әсер ететіні дәлелденіп жатыр. Сондықтан еуропаның кейбір басылымдары қайтадын өзінің қағаздық нұсқасына қайтып жатыр. Екіншіден, сапалы қағаз бен экологиялық таза бояуға басылған құнды мәлімет қай заманда да сенімділік пен зиялылықтың бір көрсеткіші болып қала бермек.
− Өзіңіз жақсы білетіндей, ақын-жазушыларымыздың ең бір көп жазатын тақырыбы табиғат еді. Алайда бүгінде еліміздің табиғатын өңірлердегі, ауыл-аймақтардағы қаламгерлер ғана тілге тиек ететін сияқты. Бас ақынымыз Абайдың кезінде "Жазғытұры", "Жаз" сияқты өлеңдерінен бастап күні кешегі Аралдың қасіреті жайлы жырлар журнал беттерінде жарияланып отыра ма? Осы арқылы табиғат тақырыбының өрістеуіне септігін тигіземіз дей аласыздар ма?
− Ұсынысыңыз өте орынды. Бұл тақырыптағы дүниелерді біздің сайтымыздан табуыңызға болады.
− Ендеше қадамдарыңызға сәттілік тілей отырып, қызыққан, білгісі келетін оқырманымызға журналға жазылудың жолдарын және индексін айтып өтсеңіз.
− Өзіңізге де көп-көп рақмет. National Geographic журналын оқығысы келетін азаматтар еліміздің барлық ірі қаладағы газет дүңгіршектерінен, супермаркет, әуежай, жанармай бекеттері, тағы да басқа орындардан таба алады. Бағасы бар болғаны 660 теңге. Бірақ делдалдық қызметті қоса есептегенде бағада аздаған өзгеріс болуы мүмкін. Сол үшін бір жылға бір-ақ жазылу арзанға түседі. "Қазпошта" мекемесі арқылы жазылу индексіміз − 74886. Сондай-ақ, біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға жазылып, жұмысымыз жайлы қызықты ақпараттарды біліп отыруларыңызға болады: facebook, instagram