Massaget.kz зерттейді: EXPO-ның тарихындағы маскоттар қандай болды?

Massaget.kz зерттейді: EXPO-ның тарихындағы маскоттар қандай болды?
Фото: vk.com, nur.kz

EXPO-2017 көрмесінің қарсаңында Астана қаласына аталған көрменің маскоттары орнатылды. "Болашақ энергиясы" ұранын ұстаным қылған үш мүсіншеге Сәуле, Мөлдір, Қуат есімдері берілген. 

"3 ай ішінде EXPO-2017 көрмесін шамамен 5 миллиондай шетелдіктер келіп көретін болады", - деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астанаға орнатылған қуыршақтарды интернет қолданушылары қатаң сынап, "мүсіншелердің ел имиджіне нұқсан келтіруі мүмкін екенін" жарыса жазуда. Көп адам маскоттарды "эстетикалық талғамнан жұрдай, мән-мағынасыз жасалған" деп бағалауда. Мүсінше авторларының кәсіби біліктілігі мен жұмысқа деген қарым-қатынасына күмән келтіріп жатқандар да жоқ емес. 

Massaget.kz порталы мәні зор шараның тарихына көз жүгіртіп, әлемнің түкпір-түкпірінде өткен көрменің маскоттары қандай болғанын зерттеп көрді. 

EXPO-ның тарихы 1851 жылы Ұлыбританияның Лондон қаласынан басталған. 1 мамырда Виктория ханшайым жаңадан бой көтерген Хрусталь сарайында барлық ұлттар өнеркәсібі жұмыстарының ұлы көрмесін салтанатты түрде ашқан. Көрме аз уақытта кең танымалдыққа ие болып, 1853 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында ұйымдастырылады. 1855 жылы Францияның Париж қаласында болған. Осы уақытқа дейін 66 рет ұйымдастырылған көрмені өткізу мәртебесі биыл Астана қаласына бұйырып отыр. 

2015 жылы Италияның Милан қаласында өткен EXPO-ның ұраны "Ғаламшарды асырау. Тіршілік қуаты" болса, Фуди деп аталатын маскоты көрменің басты тақырыбын бейнелеген. Disney Italia студиясы жасап шығарған бұл кейіпкер – дәмді әрі денсаулыққа пайдалы тамақ жеуді насихаттаушы. Фуди (ағылшын тілінен аударғанда "food" - тамақ) ас-ауқатты өмірге қуат беретін тіршілік көзі ретінде айшықтайтын қоғамдастықты меңзейді. 

2012 жылы Оңтүстік Кореяның Ёсу қаласында өткен EXPO көрмесінің маскоты – Yeony мен Suny. Көрме "Жанды мұхит және жағалау аумақтары" тақырыбымен өтсе, Ёни мен Суни – теңіз тіршілік иелерінің басты қорегі, көмірқышқыл газын жұтып, атмосфераны тазалайтын өсімдік түрлері болды. 

2010 жылы Қытайдың Шанхай қаласында EXPO көрмесі "Жақсы қала – жақсы өмір" тақырыбымен өтті. Көрменің маскоты Хайбао – қытай иероглифі кескіні. Ол "адам" деген мағынаны берді.  

2008 жылы Испанияның Сарагоса қаласында өткен EXPO көрмесі "Су – тұрақты даму кепілі" тақырыбын таңдады. Көрменің маскоты – Флюви атты сүйкімді де мейірімді кейіпкер. Ол – судың бір тамшысы, өзінің достарымен бірге қоршаған ортаны ластайтын қара күштерге қарсы күресетін кейіпкер ретінде орнатылды.  

2005 жылы Жапонияның Нагоя қаласында өткен EXPO көрмесінің тақырыбы "Табиғаттағы парасаттылық" болса, маскоты – Kiccoro мен Morizo атты жасыл түсті екі хайуан жапон фольклорынан алынған. 

2000 жылы Германияның Ганновер қаласында өткен EXPO көрмесі "Адам - табиғат - техника" тақырыбын арқау қылды. Маскоты Twipsy атты аузы, мұрны үлкен, оң қолы мен сол қолы екі түрлі кейіпкер жаратылыстану ғылымының дамуын сипаттаған.

1998 жылы Португалияның Лиссабон қаласында EXPO "Мұхиттар болашақтың мұрасы" тақырыбымен өтті. Көрменің маскоты Gil – су тамшысы бейнесіндегі кейіпкер. Ол XV ғасырда өмір сүрген атақты теңізші Жил Эанештің құрметіне қойылған. 

Астана қаласында өтетін EXPO-2017 көрмесінің маскотына қайта оралайық. Маскоттар 2014 жылы қазақстандықтардың ашық түрде дауыс беруімен және арнайы комиссияның шешімімен таңдалған. Дауыс беру www.expo2017mascot.kz сайтында өткен. Қорытындысында 80 жұмыстың ішінен "Тенгри және Бөрі" 3705 дауыс жинап, бірінші орынды жеңіп алса, "Күнсұлу, Бөбек және Ұлан" (3198 дауыс) екінші, "Күнсұлу, Дауылхан және Толқынай" үлгісі (3019 дауыс) үшінші орынға ие болған.

Бұдан кейін комиссия топ жарған үш үлгінің ішінен үздік дизайн-жобаны таңдаған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жұмыстарды іріктеу барысында басты екі жағдайға назар аударылған: маскоттың "Болашақ энергиясы" тақырыбына сай болуы және Қазақстанның ұлттық мәдениетінің ерекшеліктерін көрсете алуы. 

Құрметті оқырман, "Болашақ энергиясы" тақырыбымен өткелі отырған ауқымды шараның бет-бейнесі болатын Сәуле, Қуат, Мөлдір атты үш маскот жайлы сіз не дейсіз?

М. Оңғарова