Алматы қаласы бүгінгі таңда дамудың даңғыл жолына түскен ақылды қалалардың бірі. Тың технологиялармен жабдықталған қүрылғылар қала тұрғындарының өмірін әжептәуір жеңілдетері анық. Қалада қазіргі уақытта небір инновациялық жобалар іске асырылуда. Сондай тың жобалардың бірі – "Almatybike". Бұл тұрғындар үшін өте қолайлы. Себебі, мұны жыл он екі ай пайдалануға болады. Осынау велосипедтерді қалай қолданады? Мұның нендей ерекшелігі бар? Біз осы тектес сұрақтарға жауап іздеп, "Almatybike" жобасының мамандарына хабарластық.
Былтыр Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры Дархан Қалетаев "Almatybike" жобасын іске қосу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған еді. Соның нәтижесінде 3 кезеңнен тұратын жоба іске қосылды. Алғашқы 1-кезеңі 2016 жылы қолға алынып, қала ішіне 50 велобекет орнатылған болатын. Биыл жобаның 2-кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Маманның айтуынша, биылғы жылғы қазан айының басына дейін 150 бекет іске қосылады. Сонда, жалпы 200 велобекет орнатылмақ. 2018 жылы Алматы қаласында барлығы 300 велобекетте 2 410 велосипед халық игілігіне беріледі.
"Дәл қазіргі уақытта қала бойынша 118 станция жұмыс істеп тұр. Бүгін тағы да қосып жатырмыз. Оны есептегенде 130 бекетке жетеді. Осы қарқынмен апта сайын қосамыз. Биыл 200 бекет болса, келесі жылдары тағы да қосымша 100 станция қосу жоспарда бар. Осынау 200 бекет қазіргі таңда Алматы қаласының орталық аймағын толық қамтиды. Төменгісі – Райымбек даңғылы, жоғарғысы – әл-Фараби, шығысы – Жангелдин, батысы – Сайын көшелеріне дейін жетеді, келесі жылы Момышұлы көшесіне қарай созылады",– дейді маман. Velosity.kz қоғамдық қоры бар. Сол қордың негізінде "Almatybike", "Astanabike" "Shymkentbike" жобалары құрастырылған. Яғни, бұл қоғамдық қордың бір жобасы болып саналады.
"Almaty Bike" қаладағы велоспорт пен веложол инфрақұрылымын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттауға және экологияны жақсартуға, велосипедті жалға алу автоматты пункттерінің жүйесін құру әрі дамыту, велотуризмді дамытуға бағытталған. Сонымен бірге "Almatybike" велосипедтері жұмыс барысында пайдалануға және демалыс күндерін денсаулыққа пайдалы өткізуге арналған көлік құралы.
Бұл жобаның ыңғайлысы велосипедті кез-келген уақытта жалға алуға болады. Прокат бағасы қол жетімді. Алғашқы 30 минут – тегін. Ол үшін сіз арнайы "Almatybike" картасын (Абай-Байтұрсынов, "Promenade" сауда орталығы) сатып аласыз. Карта бағасы – 1000 теңге. Егер бір жылға жалға алғыңыз келсе, абонеттік төлем – 10 000 теңге. Тиісті құжат ұсынған жағдайда: студенттерге (студенттік билет және оқу орнынан анықтама) және зейнеткерлерге (зейнеткерлік куәлік) – 5000 теңге. Шоттағы минималды баланс – 500 тенге. Одан кем болса, велосипедті пайдалана алмайсыз.
Барлық ақпаратты almatybike.kz сайтынан білуге болады. Сонымен бірге Play market, Ios қосымшаларынан таба аласыз. "Almatybike" жобасының кеңсесі – Панфилов №25 (Райымбек көшесінің қиылысында) орналасқан.