- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Air Astana жаңалықтары:...
Air Astana жаңалықтары: Алғашқы жарты жылдықтағы оң нәтижелер мен 5 жұлдызды рейтинг
2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Air Astana қазақстандық компаниялар тобының кірісі — (EBITDAR*) 91,1 миллион АҚШ доллары. Өткен, яғни 2020 жылдың дәл осы кезеңіндегі 9,9 миллион АҚШ доллар көлеміндегі шығынға қарағанда өсім артқанын көрсетті. Жолаушылар легі 91 пайызға артып, 2,97 миллион адамға жетті. Оның 2,5 миллион жолаушысы ішкі бағыттар бойынша тасымалданды. Бұл көрсеткіш нарықта 125 пайызды құрайды.
Бұндай оң нәтижелер бойынша Air Astana президенті Питер Фостер былай деді: "Air Astana мен FlyArystan екі бренді ішкі бағыттар бойынша өзін жақсы қырынан көрсетті. Нарықтың сенімді өсімі мен қазақстандықтардың теміржол тасымалына қарағанда әуе тасымалын таңдау Қазақстанды әуе тасымалының жедел өсіп жатқан ішкі нарығына айналдырды. Жолаушылар айналымы 2019 жылға қарағанда 31 пайызға өсті. Бұған FlyArystan-ның төмен бағадағы тарифі сеп болды".
Еске сала кетейік, FlyArystan 2019 жылы мамырда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жұмысын бастаған болатын.
2019 жылдағы көрсеткішке қарағанда халықаралық тасымал небәрі 45 пайызы орындалғанына қарамастан, Фостердің айтуынша: "нәтижелердің жақсаруына аймақтық бағыттардың табысының артуы, Мальдив аралдары, Қызыл теңіз, Черногория, Дубай, Түркия, Грузия мен Шри-Ланка сияқты курорттық бағыттарға сұраныстың артуы, сонымен қатар Boeing 767 жартылай жүк ұшағы орындайтын жүк чартерлері жақсы әсер етті".
Дегенмен Фостер екінші жартыжылдықтың нәтижелерін сақтықпен болжайды. "Қазақстанда және басқа да мемлекеттерде коронавирус инфекциясын жұқтыру деректері артты. Қалыпқа келудің тұрақтылығы Covid-тің жаңа штамдарының пайда болуы мен жаппай вакциналау нәтижелеріне орай өзгеруі мүмкін".
Жақсы жаңалықтардың қатары толыға түсті. Соның бірі — Air Astana Skytrax-тың COVID-19 таралуын болдырмау бойынша сертификациясынан өтуі. 2021 жылы мамыр-маусымда жұмысын атқарға аудит пандемия кезінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы Air Astana нысандарындағы денсаулықты қорғау мен тазалық шараларына талдау жасаған болатын.
Соның ішінде тазалау мен дезинфекция реті, жеке гигиена құралдарының стандарттары мен қолдану ережелерінің сақталуы, ақпараттық-танымдық белгілер мен дезинфекциялау құралдарының болуы, әлеуметтік арақашықтықтың сақталуы мен рейске тіркелу, қону мен ұшу кезінде санитарлық бетперделерді қолдану бағаланды.
"Пандемияның алғашқы күнінен бері Air Astana жолаушылардың денсаулығын қорғау мақсатында барлық қажет шараларды сақтайды",— деді Air Astana президенті Питер Фостер. "Бұл міндетті орындаудағы адалдығымыз бүгінгі Skytrax сертификатты алуымызға себеп болды. Бұл жолаушыларымызға ұшар алдында қосымша сенім беретініне сенімдімін".
Skytrax-тың Бас директоры Эдварт Плейстед “Air Astana COVID-19 тәуекелін азайту мақсатында әдістемеге жүгінеді. Аудит әуекомпанияның борттағы гигиена бойынша санитарлық талаптарды сақтау мен пандемия кезінде түзетілген борттағы қызмет көрсетуді орындағанын ерекше атап өтті”,— деді.
Skytrax COVID-19 рейтінгісіндегі 5 жұлдызға All Nippon Airways, Qatar Airways, Japan Airlines және басқа да компаниялар ие болды. Толық тізіммен Skytrax ресми сайтынан таныса аласыздар.
Сонымен қатар, биыл Air Astana әуекомпаниясы APEX рейтінгісінде ұшу кезінде COVID-19 таралуын болдырмау және азайту бойынша Diamond деңгейін иеленгенін еске саламыз.
Air Astana – "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры АҚ (51%) мен BAE Systems (49%) ортақ мекемесі. Компаниялар тобының флотында Boeing, Airbus пен Embraer сынды 36 ұшақ бар. Оның ішінде 10 Airbus 320 әуе кемесіне FlyArystan қолданады. Әуе компаниясы өзінің қызмет көрсету сапасы және қауіпсіздің шараларын толықтай қамтамасыз етуімен көш бастап отыр.
*EBITDAR – жалдау төлемге, амортизацияға, тозуға, пайызға, салыққа дейінгі пайда.