Жастардың тың идеялары – ел өркендеуінің кепілі. Ел игілігіне жұмсалатын бастамаларды ұсынушы жастарға "Бұлақ көрсең, көзін аш" деп, қолдау көрсетсе, оларға көп көмек болары белгілі. Өткен аптада сондай жастардың армандарына қанат бітірген игі шара ұйымдастырылған еді. Бастамаларына, күш-жігерлеріне серпіліс берген бұл шараның жеңімпаздары алдыңғы жазбамызда арман-мақсаттарымен бөлісті. «Өз бизнесіңді дамыт» стартап байқауының ұйымдастырушылары және жеңімпаздарымен сол шарада тілдесіп, сұхбаттасқан болатынбыз. Олай болса, олардың бұл жолға қалай келгенін, берген ақыл-кеңестерін назарларыңызға ұсынамыз.
«Singulariteam» қорының басқарушы серіктесі және осы жобаның негізгі ұйымдастырушысы Кеңес Рақышев: «Бізге мемлекет не береді емес, біз мемлекетке не береміз деп, өзіміз еңбек етуіміз керек. «Өз бизнесіңді дамыт» стартап байқауын да осы мақсатпен өткен жылы алғаш рет ұйымдастырған едік. Сол кездегі жеңімпаздардың жұмыстары алға басып, қазіргі таңда Отанға да, өздеріне де пайда әкелуде. Бұл жылы да күніміз оңынан туып, жобамыз жалғасын тауып отыр».
«18-35 жас аралығындағы жастардың тың идеялары мені шын қуантты. Мемлекетке қызмет ету – ең басты талап. Кеңестің сөзіне толық қосыламын, мемлекет бізге ештеңе міндетті емес, қайта біз мемлекет үшін еңбек етуіміз қажет. Ойға алған тың идеяңызды дәлелдеу үшін әдемі етіп бейнеролик немесе көркем слайд жасаудың қажеті жоқ, ойыңызды бір ақ параққа түсіріп әкелсеңіз де, жоспарыңыздың қалай жүзеге асатынын, жетістікке жету жолында нақты не істейтініңізді түсіндірсеңіз жетерлік. Иә, санаңызда сайраған мақсатты қағаз сулыққа түсірсеңіз де, жүрекпен сезініп, оның іске асатынына сенімді болуыңыз керек. Өз сөзімді қорытындылай келе, еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер. Тың ойлардан жалықпаңыздар дегім келеді», - деді Kaspi Bank директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким.
Ұйымдастырушылардың бұл сөздері көп адамның көкейіне ой салғаны анық. Шынымен, армандаған соң, оның орындалатынына сеніп, оған жетудің жолдарын іздеу керек. Арманды мақсатқа айналдырып, соның жолында аянбай еңбек еткенде ғана орындалатыны белгілі. Енді, сол мақсат жолында келе жатқан жеңімпаздардың сұхбатына кезек берейік.
50 000 АҚШ долларды қанжығасына байлаған Ерлан Теміржанов мырзамен тілдескен едік, қызығушылық танытқанымызға разы болып, сұрақтарымызға қуана-қуана жауап берді.
– Уақыт өте келе тері бұйымдары сізді қатты қызықтырғанын және төрт жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқаныңызды айттыңыз, бірақ оны қайдан үйренгеніңізді айтпадыңыз ғой..
– Шынымды айтсам, бұл кәсіптің оқуын оқыған жоқпын. Адам алға жетемін деп мақсат қойса, жету үшін барын салады ғой. Мен де аянбадым, тері бұйымдары дегенде шығар жаным бөлек болғандықтан, өзіме керекті мәліметтерді (терінің құрамын, қасиетін, ерекшелігін) ғаламтор желісінен, Youtube-тан, түрлі сайттардан, өз бетіммен үйреніп алдым. Содан соң, теріден аяқ киім жасау үшін арнайы құрылғылар сатып алып, шағын ғана цех аштым. Қазір тері бұйымдарын, аксессуаларын жасайтын жеке (шағын) өндірісім бар.
– Міне, қызық! Мынадай күрделі һәм машақатты кәсіпті өз бетіңізбен игергеніңізге әлі де таңғалып тұрмын. Осы шеберлігіңізді шыңдау үшін тері өңдеудің жілігін шағып, майын ішкен дамыған елдерден білім алғыңыз келмей ме?
– Әрине, мұндай мүмкіндік болса, қуана-қуана аттанар едім. Әзірге жоспарлап жатырмын, қалғанын уақыт көрсетеді ғой. Болашақта Италияға барып, аяқ киімді кәсіби деңгейде жасауды үйренгім келеді.
– Осы бұйымдарды жасау үшін керекті теріні қайдан аласыз? Тері өндіретін ірі отандық орындар бар ма?
– Отандық тері өңдеу орталықтары бар. Мысалға аяқ киімнің белгілі бір бөлшектеріне арналған терілерді: Семейде, Қордайда зауыттардан аламыз. Бірақ, терінің барлық түрі өкінішке орай табыла бермейді. Сондықтан, Ресей, Түркия, Қытайдан Алматы дүкендеріне келген терілерді сатып аламын.
– Бүгінгі берілген сыйақы сізге қаншалықты көмектеседі?
– Бұл қолдау маған үлкен серпіліс береріне сенімдімін. Және өзіммен бірге жұмыс істейтін үш кәсіби маман алып, ісімнің кеңге қанат жаюына үлкен көмек береді.
– Қуаныштымыз, ісіңіз алға баса берсін! Бұл салада отандық нарықты отандық тауармен толтыру үшін жұмыс жасап жатқандарыңызды білдік, ал кейін үлкен серпіліс алып, кеңге қанат жайып жатсаңыздар сырт елдерге экспорттау ойларыңызда бар ма?
– Иә, алдымен өз нарығымызды толтырып алайық (күліп), өзімізден артылса, кейін басқа елдерге экспорттаймыз.
20 000 АҚШ долларға ие болған, балаларға роботехнологияны үйрететін «Нұр» академиясының басшысы Гүлжанар Еңкебаевамен де тілдесудің сәті түсті.
– Бұл орталық қашаннан бері жұмыс істеп жатыр? Балаларды қабылдағанда жасына, білім деңгейіне қарайсыздар ма?
– Біз өткен жылдың қараша айынан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Бағдарлама бойынша балалар алты жастан бастап, жиырма бір жасқа дейін қабылданады. Алда роботехника тапсырмаларын күрделендіріп, студенттерді де оқыту ойымызда бар.
– Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?
– Болашақта «Lego еducation» бағдарламасының ішіндегі ғарыштық жобалар, физикалық тәжірибелер жасау керек. Мысалы, оқушылар физикалық экспериментті «Lego»-ның көмегімен жасайды. Мәселен, судың темературасын өлшейді, балқу температураларын өлшейді, Күн қалай энергия береді, осы сияқты тәжірибелерді балама түрде анықтай алады.
– Бүгінгі жеңістеріңізге берілген қаражат жоспарларыңызды орындауға қаншалықты әсер етеді?
– Бізде қазір тек бір орталық бар. 20 мың АҚШ доллары жаңадан тағы бір орталық ашуға жеткілікті.
Жоба басшысы Кеңес Рақышевқа уақыт тығыздығына байланысты көп сұрақ қоя алмадық. Тек негізгі бір-екі сұраққа жауап ала алдық.
– Байқау алдағы жылы ұйымдастырылады ма?
– Иә, бұл байқау келер жылы тағы да ұйымдастырылады. Және алда жалғасын тауып, жыл сайын өткізіп тұруға күш саламыз. Одан әрігісін уақыт көресетер.
– Жеңімпаздарға берілген сыйақыларды жобалары іске асқан кезде кейін қайтарып аласыз ба?
– Жоқ, бұл грант негізінде берілген қаражат болғандықтан, біз олардан кері қайтарым талап етпейміз. Тек істері жеміс берген соң, аздаған есеп берсе, болғаны. Сонымен қатар, олар бұған үлкен жауапкершілікпен қарағанын қалаймыз. Кейін олар бейнероликпен жобаларының іске асқандығын дәлелдесе, біз тек қуанамыз.
Сөз соңында: «Бұл жобаға қатысам деген кез-келген адамға есігіміз ашық. Сондай-ақ, биылғы жылғы жеңімпаздар да келесі жылы ұйымдастырылатын байқауға қатысып, бақтарын сынай алады. Ұтып жатқан жағдайда бизнестерін тағы бір сатыға көтеруге мүмкіндіктері бар. Егер сіз ертең өз жобаңызбен жеңіске жеткіңіз келсе, бүгіннен бастап жоспар құрыңыз» деді.
Сурет: massaget.kz