- Негізгі бет
- Қазақстаным
- 37 сарбаздың сүйегі...
37 сарбаздың сүйегі табылды
"Боевое братство" қоры ұйымдастырған "Вахта Памяти Казахстан-2013" қазақстандық экспедициясы Ресейдің Псков облысы аумағынан 37 кеңес сарбазының мәйітін тапты деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Іздеу тобының мүшесі Әсет Жақсыбаевтың айтуынша, алғашқы екі күнде 9 сарбаздың денесі шығарылса, келесі күні 11 мәйіт табылған. Облыс батпақты аймақ болғандықтан, іздеу жұмыстары қиынға соғуда және ресейлік іздеушілер де қазақстандық экспедицияға көмек қолын созып отыр. Бүгін-ертең тағы да мәйіттердің табылып қалуы әбден мүмкін екен.
Әсет Жақсыбаев тағы бір сөзінде: "Бұл ауылда байланыс жүйелері жақсы ұстамайтындықтан топ мүшелері жаңалықтарды тілшілер қауымына дер кезінде жеткізе алмайды. Біз мұнда шатырлы лагерь құрып қойдық. Экспедиция мүшелері күн сайын таңғы сағат 7-де іздеу жұмыстарына аттанады да, өте кеш қайтады. Бұл жерден соғыстың иісі мүңкіп жатыр, күн сайын гранаталарды, оқ-дәрілерді тауып аламыз" - деді.
Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың да денесі осы жерден табылуы мүмкін. Алайда, дәл қазір мәйіттердің кімге тиесілі екенін анықтау қиын. Осыдан біршама уақыт бұрын қазақстандық экспедицияның Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың денесін іздеу үшін Псков ауданына аттанғаны, қаһарман қызымыздың Ақтөбе қаласындағы мазары бос шыққандығы хабарланған болатын. Ә. Молдағұлованың отбасы үшін бұл жаңалық ауыр тиді. Оның әпкесі Әлия Үсенова Молдағұлованы Қазақстанға жерлегісі келетіндігін мәлімдеді.
Әлия Молдағұлова Ақтөбе облысы, Хобда ауданы, Бұлақ ауылында Сарқұлов Нұрмұхаммед және Молдағұлова Маржанның отбасында 1925 жылдың 15 маусымында дүниеге келген. 1943 ж. бастап 54-ші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-ші әскер, 2-ші Балтық жағалауы фронты). Жау әскерінің 30-дан аса сарбаздары мен офицерлерінің көзін жойған. 1944 ж. 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты.
Экспедиция Қазақстанға тамыз айының жиырмасыншы жұлдызында оралатын болады. Айта кетейік, іссапарға 6 млн. қаражат бөлінді және келер жылы да іздеу жұмыстары жалғасатын болады. Ал ақпараттық қолдауды Alash Media Group компаниясы көрсетіп отыр.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: tengrinews.kz