ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы 2015 жылдың 26 сәуіріне белгіленді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған үндеуінде айтты, үндеу СТВ телеарнасынан трансляцияланды.
"Бүгін мен Парламент Сенаты мен Мәжілісінің жетекшілерімен, ҚР Премьер-министрімен және ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасымен консультациялар өткіздім. Президенттік және парламенттік сайлаулардың күнтізбелік мерзімі 2016 жылға сәйкес келеді және іс жүзінде бірігіп кетеді. Конституция бұған рұқсат етпейді. Менің конституциялық өкілеттігім де 2016 жылы бітеді", - деді Назарбаев.
Оның айтуынша, халық екі ұсыныс айтып жатыр - Президенттің кезектен тыс сайлауын өткізу және Президенттің өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізу. "Екі ұсынысты да іске асыруға болады, бірақ анағұрлым дұрысы - Конституция талаптарына сай келетіні - сайлау өткізу. Сондықтан халықтың мүддесі үшін, олардың маған арналған ұсынысын ескере отырып, көпшіліктің еркі бойынша, негізгі заңды мүлтіксіз орындау мақсатында мен Конституцияның 41-бабының 3-1-тармағына сәйкес, кезектен тыс президент сайлауын өткізуді 2015 жылдың 26 сәуіріне белгілеу туралы Жарлыққа қол қойдым", - деді Назарбаев.
Еске сала кетейік, 14 ақпан күні Қазақстан халқы ассамблеясының Кеңесі өз отырысында Қазақстан Президенті сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы бастама көтерген еді.
Кезектен тыс сайлау өткізу туралы бастаманы Қазақстан Парламенті қолдады, Мәжіліс пен Сенат депутаттары Мемлекет басшысына сайлауды өткізуге келісім беруді сұрап, өтініш жолдады. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық Кеңестен республика Конституциясының 41-бабының 3-1-тармағын ресми түсіндіріп беруді өтінді, бұл тармақта Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу мәселелерін регламенттеледі. ҚР Конституциялық кеңесі Президенттің кезектен тыс сайлауды тағайындауына еш кедергі жоқ екенін мәлімдеді. Елбасының Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы шешім қабылдауына республика Конституциясы қандай да бір шарттар мен шектеулер қарастырмайды. "Мұндай сайлау тағайындау туралы шешім қабылдағанда Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 3-тармағында қарастырылған Қазақстан Президентінің сайлауы мерзімі жағынан республика Парламентінің жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиіс деген ереже ескерілуі керек", - делінген Конституциялық Кеңестің Сенатқа қайтарған жауабында.
сурет: ©Тұрар Қазанғапов