Биылғы жылдың басында танымал британдық "Rough Guides" басылымы 2014 жылы баруға тұрарлық қалалардың қатарына Алматы қаласын да қосқан екен. Бұл тізімнің басын Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласы бастаса, АҚШ-тың Портленд қаласы аяқтап тұр. Ал Алматы қаласы тізімнің жетінші орнынан көрінген. Аталған ондықта Сараево, Ливерпуль, Умео, Львов, Марсель, Роттердам және Глазго қалалары да бар. Егер әлі күнге дейін Алматы қаласына аяқ баспаған болсаңыз, биылғы жылы мүмкіндікті жіберіп алмаңыз! Алатаудың ару қаласы сізді әрқашан құшақ жая қарсы алады.
Алматының көрікті жерлерін мына жазбамыздан оқи аласыздар.
Ал біз оқырмандарымызға биылғы жылы саяхат жасауға болатын Қазақстанның өзге де көрікті аймақтарының топтамасын ұсынамыз.
Көкшетау ұлттық саябағы. Отандастарымыз бұл жерде ауасы мұнтаздай таза табиғатты тамашалап, биік-биік тауларға шығып, ата-баба мұрасы киіз үйде тұрып та көре алады. Соңғы жылдары жөндеу жұмыстары жүргізілген шипажайлардың сапасы артпаса, кеміген жоқ. Соның ішіндегі Бурабай – Қазақстандағы ең танымал демалыс орындарының бірі. Бұл жер бетінде сирек кездесетін өзіндік орны бар географиялық пункт ретінде шетелдіктердің де қызығушылығын тудырып жүрген аймақ. Биік таулар және қылқан жапырақты орман, айдынды көл және таза ауа жақсы демалуға және денсаулықты қалпына келтіруге мүмкіндік тудырады. Бурабайдың балшығы мен минералды суы емдік қасиетке бай.
Алатау. Алматы қаласының өзіне жылдың кез келген маусымында келе аласыз. Ал шынайы табиғатты іздесеңіз, тек көктем мезгілінің соңында, жаз айларында, күз басында ыңғайлы. Алма-арасан, Көлсай, Маралсай, Шарын Шатқалы, Шымбұлақ, Түрген сарқырамасы, Әнші құмдар – дәл осы демалыс аймақтары жанұяңызбен немесе достарыңызбен уақыт өткізуге таптырмас мекен болмақ.
Астана. Еліміздің бас қаласы бүгінде әлем халқы алыстан іздеп келетін туристік аймаққа айналды. Ай сайын бой көтеретін ғимараттар көздің жауын алады. Астанада болмасаңыз, 2014 жылы баруға тырысыңыз. Шілде айының басында жыл сайын қаланың туған күні үлкен дәрежеде атап өтіледі. Саяхатыңызды осы мезгілге жоспарласаңыз, еш өкінбейсіз. Арқаның ауа райы қонақтарын жаз айларында ренжітпейді деп сенеміз.
Тарихи орындар. Тарихи орындар мен құнды жәдігерлердің жанкүйері болсаңыз, Семейдегі Жидебайға, Тараздағы Ақыртасқа, Айша-Бибіге, Маңғыстау облысындағы Бекет Атаға, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістанға, сондай-ақ, Шірік-Рабатқа, Жетісудағы Есікке, Тамғалы тасқа ат басын бұруға болады. Жаныңызда жақын адамыңыз, қолыңызда сапалы фотоаппаратыңыз болса, демалыс естен кетпестей болып өтеді.
Су жағасындағы демалыс. Шомылу мен күнге қыздырынуды сүйетіндер Алматы аймағындағы Қапшағай, Алакөл демалыс аймақтарына немесе Каспий, Арал теңіздеріне қыдырып бара алады.
Денсаулық пен демалыс. Қазақстанда мемлекеттік мәні бар Бурабай, Алма-арасан, Сарыағаш, Меркі, Манкент, Жаңақорған және Қапаларасан, Барлықарасан, Ақжайық, Алатау, Оқжетпес сынды шипажайлар бірнеше он жылдықтан бері өз қызметтерін бұлжытпай атқаруда. Бірінде шипалы су, екіншісінде емдік қасиеті бар балшықтар бар. Шипажайлардың сайттары арқылы негізгі қызметтері мен бағасын толығырақ біліп алуға болады.
Сөз соңында айта кетейік, таяуда қазақстандық ішкі туризм мамандары 2014 жылы баруға тұратын 10 мекенді анықтаған болатын. Олар: Бурабай, Шарын шатқалы, Түрген сарқырамасы, Алакөл, Қатонқарағай, Алматы қаласы, Ақыртас, Шірік-Рабат, Жидебай және Бекет Ата.
Статистикаға сүйенсек, елімізде ең көп саяхат жасалатын аймақтар мыналар екен: Астана қаласы, Ақмола облысы, Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау, Қарағанды облыстары. Өкінішке орай, халқы ең тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысының көрсеткіші өте төмен болып тұр. Орталық Азиядағы ең беделді ескерткіш орналасқан аймақтың теріс нәтиже көрсетуіне мұнда келетіндердің туристік компания көмегіне жүгінбейтіндігі, қонақүйлерге тоқтамайтындығы, салық төлемейтіндігі себеп болып отыр.
Өздеріңіз байқағандай, елімізде ауыз толтырып айтатын демалыс орындары көп-ақ. Тек олардың жарнамаланбайтындығы арбаны кері тартып отыр. Сіздің таңдауыңызға қарсы шыға алмаймыз, дегенмен, шетелге саяхаттауға асықпас бұрын, өз еліміздегі туристік аймақтармен танысқаныңыз жөн болар... Ел туризмін дамыту сіз бен біздің қолымызда екенін ұмытпайық.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: zdorovyi.kz, dostravel.kz,
translator-astana.net, skyscrapercity.com,
touring.kz, adtrh.com