- Негізгі бет
- Қазақстаным
- 1883 жыл жаңалығы:...
1883 жыл жаңалығы: Өмірде көмір деген отын бар
Қазақстанда пайдаланылатын отынның 1/2 пайызы көмірдің үлесіне тиесілі. Еліміздегі көмір алабының мол қоры Қарағанды шахталарында өндірілетіні белгілі. Қазақ жерінде ең алғаш өндірілген аймақтағы бұл пайдалы қазба қалай барланды? Оны тапқан кім? Өмірде көмір көрмеген ескі Қарағанды аумағындағы халықтың бұл пайдалы қазбаны тауып алуына қандай жағдай түрткі болды? Осы сияқты бірқатар сұрақтардың жауабын бермекке қара түсті қазба байлық жайлы жазба қалдыруды жөн көрдік.
Қарағанды аумағындағы ең алғашқы көмір алабы 1833 жылы халықтың назарына ілікті. Ол кезде бүгінгі Қарағанды қаласының аумағы көсілген тегіс дала еді. Осы мекенде бұршақтар тұқымдасына жататын қараған ағашы қаулап өсетін. Кейінірек осы ағаштың қалың жынысына салынған қала да сәйкесінше Қарағанды деп аталды. Тарих беттерінде бұл оқиға 1934 жылы 10 ақпан күнгі датамен таңбаланды. Яғни, бұл күн – Қарағандының ең алғаш құрылған күні.
1833 жылы Қарағанды көмір бассейнін ең алғаш ашқан – Аппақ Байжанов. Аппақ – болыстың қойын бағатын қарапайым қойшы еді. Күндердің күнінде алдағы қойдың басы қалың қарағанға кіреді. Мал соңында қиқулап жүріп, тура жанынан суырдың жүгіргенін байқайды. Сезгендей, таңертең өзімен екі тазыны еріте шыққан Аппақ иттерді айтақтатып жібереді. Бірақ, суырдың іні алыс емес екен, жылдам тесікке кіріп үлгереді. Осылайша, тесікті таспен бекітіп кеткен қойшы ертеңінде суырды ұстап алмақ. Ертесі таңертең ерте келіп, тесікті қаза бастайды. Кішкене ғана тереңдіктен кейін қазып жатқан жерден қап-қара түсті ұсақ тастар шығады. Таңырқаған Аппақ суырды да қолына түсіріп, тапқанын да ауылға ала кетеді. Басында бояу ма деп болжамдап, қойға ен салу үшін жүнге жағып көреді, бірақ жұқпайды. Ауыл болып ақылдасып осы бір қара тастың сырын шешпекке жиын жасап, әбден талқылайды. Алтын ба, күміс пе, жез бе деп сан ойға батып отырғанда ортадағы отқа бір түйір көмірдің бөлігі түсіп, тұтанып, бірден жана бастайды. Мұны көрген ауыл тұрғындары қалған түйіршіктерді де отқа тастап көреді. Бірден ыстық қызумен жанып жатқан тасты көріп аң-таң болып, мұның отын екеніне көздері жетеді. Осылайша Аппақтың ауылы алдағы қыстан осы көмірдің көмегімен қиындықсыз шығады. Бұл жаңалық орталыққа дейін жетіп, кейіннен бұл маңда шахта құрылысы басталды.
А. Қажиев