- Негізгі бет
- Қазақстаным
- 16 желтоқсан –...
16 желтоқсан – сан ғасыр аңсаған ата-баба арманы орындалған күн
16 желтоқсан – сан ғасыр аңсаған ата баба арманы орындалған күн. 1991 жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі "Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы" заңды қабылдады. Ескеретіні, Қазақстан КСРО құрамындағы елдердің арасында ең соңғысы болып Тәуелсіздігі туралы заңды қабылдады. Бұл заң 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларациямен бірге Қазақ елінің елдігін нығайта түсті.
Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама Штаттары мойындады, екінші болып айдаһардай айбарлы Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран мемлекеті мойындады.
Бүгін – ақ түйенің қарны жарылған ұлы тәуелсіздік мейрамы! Осынау ұлы тәуелсіздік ұғымы әр қазақтың жүрегінің терең түкпірінен ойып тұрып орын алары сөзсіз. Көк аспанда қыранымыз биікте қалықтап, әр таңда күліп оянып, әр кеште тыныш ұйықтауымыздың өзі осы азаттықтың арқасы деп білеміз. Тәңірге тәуба!
Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ең үлкен аманаты. Сондықтан оның мәнін ұғынып, баянды да мәңгі болуына аянбай қызмет ету – басты парызымыз.
Мереке қарсаңында жыл сайын республика азаматтарының арасында мәдениет қайраткерлері, әлеуметтік саладағы ерекше қызметімен көзге түскен мамандар, әскери шенділер мен офицерлер, құқық қорғау саласының қызметкерлері және ел өміріндегі белсенді өзге де сала өкілдері елеулі еңбек еткендері үшін мемлекеттік марапаттармен марапатталады. 16 желтоқсан күні Қазақстанның барлық жерлерінде мерекелік мәдени ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылады.
Массагет ұжымы да барша қазақстандықтарды тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, әрбір отбасыға амандық, саулық, бақыт пен шаттық тілейді.
Әрдайым еліміздің еңсесі биік, туымыздың тұғыры берік, тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!