10 жасар қыз құрбысын өлімнен алып қалды

Батыс Қазақстан облысындағы Тасқала аулының 5 сынып оқушысы суға батып бара жатқан құрбысын құтқарып қалды. Бұл туралы аталған аймақтың төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті хабарлады.

16 қаңтар күні Тасқала ауданындағы "Сәулет" мектеп-лицейінің 5 сынып оқушылары сабақтан соң үйге қарай бет алды. Сыныптас құрбылар күндегі әдетінше мұз боп қатып жатқан Деркөл өзенінің үстімен жаяу кете берген. Өзеннің ортасына таяғанда жұқа мұз қабаты жарылып кетіп, Айша Кыдырберлиева суға құлап кеткен.

Деркөл өзені

10 жастағы Айшаның құрбысы Жанерке айқалап жұртты көмекке шақырса да, жақын маңда ешкім боламағанын айтады. "Содан соң көп ұзамай құрбымды өз бетіммен құтқаруға кірісіп кеттім. Оны қолынан тартып, судан шығарып алдым", - деді Жанерке. Бұдан кейін ер жүрек қыз құрбысын үйіне дейін апарып, ата-анасына тапсырған.

"Төтенше жағдайлар департаменті 10 жасар қыздың бұл ерлігін ескерусіз қалдыра алмады. Мектеп ішіндегі жиналыста Батыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаментінің басшысы К.Бисембаевтың атынан алғыс хат тапсырылды", - деп хабар таратты орталық.

Жиналыстан соң, судан құтқару қызметінің басшысы оқушыларға қауіпті жағдайларда еске ұстау керек басты ережелерді айтып түсіндірді.

 

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: baq.kz, today.kz