Бүгін – халықаралық туризм күні

 Бүгін – халықаралық туризм күні

Бұл күннің мақсаты – әр елдегі халықтармен байланыс орнату арқылы туризм саласының әлеуметтік, экономикалық және саяси маңызын арттыру.

Қазақстанда туризм секторы мемлекеттің бірден-бір экономикалық басымдылығы болып табылады. Елімізде туризмді дамытудың негізгі мақсаты қазіргі заманғы жоғары нәтижелі және бәсекеге қабілетті туристік кешен құру, сол арқылы туризм саласын экономиканың бір секторы ретінде әлемдік маңызын арттыру және халықаралық туристік орталықтардан кейін қалып қоймай, ары қарай дамыту.

Қазақстан туризм күнін 1993 жылдан бері тойлап келеді. Сол жылы еліміз Халықаралық Туризм Агенттігінің құрамына кірген болатын. Осы жыл аралығында еліміз туризм саласында көшін түзеп үлгерді. Мемлекеттік даму стратегиясын жақсы жүргізгені үшін Қазақстан осы ұйымның алдыңғы қатарлы озық елдерінің қатарына кіріп Халықаралық Туризм Агенттігінің Басқарушы Кеңесіне дейін жетті.

Көлсай

Қазақстанда туризм саласын дамытуға өте көп мүмкіндік бар. Өйткені сырт жақтан елеңдеп отырған туристер біздің елге келуге құмар. Біздің жас мемлекетіміз отандық туризмнің жүгін арқалап, соңғы он жыл ішінде нәтижелі жемісін көріп келеді. Көптеген демалыс орындары мен туристік кешендердің күн санап көптеп бой көтеріп келе жатқаны тағы бар.

Кең байтақ қазақ жерінің тамылжыған табиғатының «бағына» біткен байлығы барда туризм саласы кенже қалмақ емес. Осы салаға қатысы бар барша мамандар мен бүкіл қазақстандықтарды халықаралық туризм күнімен құттықтаймыз!

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: sungate.kz, tripadvisor.ru

А. Әбілхан