Бұл іс жыл сайын көктем келгенде жалғасады. Олар үйінде құр отырғысы келмейді. Жандары осы істі қалайды, әрі азаматтық парызы санайды. Биыл да айтылған жерге келіп, үйлерін тігіп, жылдағы істеріне кірісіп кетті. Не жайлы айтпағымызды ұғып үлгерген де боларсыздар? Бұл Санкт-Петербургтен 70 шақырым жерде жүргізілетін қазақстандықтардың қазба жұмысы жайлы. Жуырда Tengrinews.kz сайтының тілшілері Ренат Ташкинбаев пен Тұрар Қазанғапов арнайы барып, қазба жұмыстарын өз көздерімен көріп қайтты.
Екінші дүниежүзілік соғыстан қалған аймақта қазба жұмыстарын жүргізудің өзі аса қауіпті. Себебі әлі күнге дейін қалып қойған жарылғыш заттар болуы бек мүмкін. Ал онда барған адамдардың басты мақсаты – қаза болған сарбаздарды арулап жер құшағына тапсыру.
Ленинград облысы. Орман. «Міне, мынау қауіпті зат. Мұны ешқашан түрте салуға болмайды. Жарылып кетуіміз мүмкін» - деді камуфуляж киген адам. Ол мұнда елордадан келіпті. «Мұның күші өте жойқын. Жарылып кетсе, түгіміз де қалмайды» - деді ескертіп ор ішінде жатқан затты нұсқап.
Санкт-Петербург орманында бұл кісі секілді іздеу жұмыстарына барған қазақстандықтар бірнешеу екен.
Өзге екі іздеуші адам (бірі – Павлодар, бірі Қостанайдан екен) бір сарбаздың сүйегін және жеке заттарын тапты. Тіпті арасында арнайы үрмелі аспап та шықты. Бәлкім отбасына ала барғысы келген болар.
Үрлеп көргенде аянышты бір саз естілгендей болды.
Қазба кезінде табылған заттар көп-ақ. Оқ қалдықтары, тапанша саптары, танкіні жаруға арналған миналар, гильза, т.б. бар. Сондай-ақ қазақстандықтар қазба кезінде неміс түтіндету құтысын да тапты. Онда неміс тілінде қолданылуы мен жарамдылық мерзімі де көрсетілген.
Тіпті үтік те шықты.
Үтік соғыс алаңында қайдан жүргені жайлы ой сан-саққа кетті. Бірі бұл маң тек майдан ғана емес, елдімекен десе, енді біреулер кеңес әскері соғыс кезінде де мұнтаздай таза әрі ұқыпты жүрген десті.
- Мұнда елдімекен болған. Соғыс кезінде бомбалауға ұшыраған. Қазба кезінде кішкентай балалардың аяқ киімі де шықты. Бұлар мұнда адамдар тұрғанын айғақтайды, - деді қазақстандықтардың бірі.
Табылған заттар көп. Арасында бір азамат Льюис пулеметін де тауыпты.
- Бұл біз тапқан ең маңызды заттардың бірі. Льюис пулеметі Ұлыбританияда жасалған. Біз оны 2 мамырдағы қазба кезінде таптық. Бұл біз үшін ғана емес, ТМД елдері үшін де маңызды болмақ. Себебі мұндайды енді ешқайдан таппайсың, - дейді.
Пулеметті Рудныйдан барған Өмірбек Қожахметов тапты. Ол павлодарлық «Майдн жолы» отрядына осы жылы ғана қосылған.
- Қазбадан кері қайтқанда ресейлік отряд құрамы кездесті. Олар пулеметті көріп, суретке түсіріп, қайдан тапқандарын сұрады. Тіпті өзге заттарға айырбастауды да сұрады. Бір жәшік арақ ұсынғандары да болды. Бірақ біз ішпейтінімізді айтып, айырбастаған жоқпыз, - дейді қазақстандық отряд мүшелері.
Жаңадан келгендерге сәттілік серік болып жатады. Өмірбек пулемет қана емес, өзге де заттар тапты. Тіпті бір сарбаздың сүйегін қазып алды.
- Біз батыр сарбаздың сүйегін қазып шығардық. Оның аты-жөні жазылған медальоны болмады, - дейді «Майдан жолы» іздеу отрядының командирі Александр Шитов.
- Менің туысқан атам да осында қаза болған, - дейді Александр.
Мұнда қазақстандық отряд кездейсоқ келмеген. Дәл осы аймақта Қазақстанда жасақталған 310 және 314-ші мергендер дивизиясы шайқасқан. Олардың көпшілігі Петропавл, Павлодар, Ақмола облыстарынан және еліміздің өзге өңірлерінен болған.
- 1941 жылдың маусым айында олар алғаш рет осында келіп, фин әскеріне соққы берген. Бұрын-соңды қолдарына қару ұстап көрмеген олар бұл жерді қасық қандары қалғанша қорғай білді, - дейді отряд мүшесі, №18 мектептегі тарих пәнінің мұғалімі Асхат Мұқанов.
Лагерьдегі шатырлар.
Олар кезектесіп тамақ дайындайды.
Қазақстаннан барған отрядпен бірге ресейліктер де қатар шатыр құрған.
Олардың барлығы дерлік Санкт-Петербург қаласынан. Командирлерінің тегі де Шитов. Есімі бірақ Максим. Қазақстандық әріптесімен тек тегі бір ғана, туысқан емес.
Ресейлік Максим Шитов бұл іспен 2007 жылдан бері айналысып келеді екен. Хобби ретінде ғана емес, соғыс кезінде қаза болған сарбаздар алдында мұны өзінің парызы деп санайды.
- Батырлардың отанына оралғаны зор қуаныш еді. Мысалы менің атам үйге аман-есен келді. Оралмай қалғандары қаншама? Сондықтан да әр сарбазды жөн-жосығын жасап жерлеу керек. Егер аты-жөні белгілі болса, туысқандарын да іздейміз, - дейді ол.
Қазба кезінде абай болу керек ол да ескертті. Себебі жарылмай қалған зеңбірек оқтары болуы бек мүмкін. Мұндайға бір емес, бірнеше рет кезіккен.
- Бұл зеңбірек оғы кез келген уақытта жарылып кетуі мүмкін. Сондықтан да оған тиісуге болмайды. Қалай тұр, солай қалғаны жөн. Біз оны байқаусызда қаздық. Енді оны саперлерге хабарлаймыз. Біздің міндетіміз сол. Сарбаздар сүйегін ғана емес, аймақты залалсыздандырамыз да, - дейді елордадан барған Виталий Федоров.
Ленинград облысында күн райы салқын. Олар бізді шай ішіп, жылынып алуға шақырды.
Дастархан басында қазақстандық Майдан Құсайынов осы аймақта соғысқан 310 және 314-ші дивизияның ерліктері жайлы әңгімеледі.
Орман ішіндегі батпақ жолдан мотоциклдер дауысы естілді. Жергілікті тұрғындар Жеңіс күніне орай мото және автошеру ұйымдастыруда екен.
Қазба кезінде сарбаздардың каскалары, аяқ киім табандары жиі кездеседі.
Мұнда құдды бір уақыт тоқтап қалғандай көрінеді.
Жалынға қарап отырып, қазбаға Қазақстаннан келгендердің бірі Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім, мақтанышым сен едің» деп өлеңін айта бастады.
Репортаж «Победители» жобасы аясында дайындалды. Сондай-ақ халықаралық патриоттық жобаны ERG компаниясы қолдады.
Жазба авторы – Ренат Ташкинбаев. Фото: Турар Казангапов©