Хиуаз Доспанова – қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы

Хиуаз Доспанова – қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы
Фото: google.kz

Бүкіл Орта Азия елдерінің ішінде жанқиярлықпен
соғысқан, үлкен батылдық көрсеткен қазақтан
басқа 
қай ұлтта Хиуаздай қыздар бар еді?! 
Фариза Оңғарсынова 

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жолында азаматтық және жауынгерлік ерлік көрсеткен адамдарға "Халық қаһарманы" атағы беріледі. Бұл мадақ жайлы заң 1993 жылы қабылданып, сол кезеңнен бүгінге дейін 26 адамға "Халық қаһарманы" атағы берілді. Бұл атақ еліміздегі ең жоғарғы дәрежелі марапат. Ең алғашқы рет 1994 жылдың 23 мамырында Қазақстанның қарулы күштерін қалыптастыру жолындағы еңбегі үшін армия генералы, ҚР тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов халықтың қаһарманы атанды. Ал, 2004 жылы Ұлы Отан соғысына қатысқан жалғыз ұшқыш қазақ қызы Хиуаз Доспанованың ерлігі бағаланды. 

1945 жылдың 9 мамыры – бүкіл Одақ халқы бөркін аспанға атқан күн. Сұм соғыстың соңғы нүктесі қойылған бұл күнге жету үшін Кеңес Одағы 27 миллион адамынан айырылды. 1710 қала, 70 мыңға жуық ауыл, 32 мың өндіріс орны, мыңдаған колхоздар, совхоздар қирады. Бұл соғысқа Қазақстаннан барлығы 1 196 164 жерлесіміз аттанды. Солардың арасында мұздай қару асынып майданға аттанған қарагөздер де бар еді. 

Еліміздегі батыс өңірі қазаққа батыр қыздарды сыйлаған мекен. Шығыстың қос шынары атанған Әлия мен Мәншүк, қазақтың жалғыз ұшқыш қызы Хиуаз Доспанова еліміздің батыс аймағынан қанат қаққан. Әлия мен Мәншүктің есімдері бүгінде әр қазақтың жадында сақтаулы. Ал, Хиуаз апамыздың ерлігін екінің бірі біле бермейді. Оған себеп, ұшқыш қыздың уақытында Кеңес Одағының батыры деген атаққа қол жеткізе алмауы. 

Хиуаз Қайырқызы Доспанова – 1922 жылдың 15 мамырында Атырау облысы Ганюшкин ауылындағы қарапайым балықшының шаңырағында дүниеге келген. Оқушы кезінен комсомол ұйымында қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытанын Хиуаз апамыз мектеп қабырғасын аяқтарда ұшқыштарды даярлайтын арнайы курсқа жазылады. Мектепті тәмамдағаннан кейін № 1 Мәскеу медицина институтында оқуға аттанады. Осы оқу орнының 1-курсын аяқтар уақытта аяқасты соғыс өрті лап берді. 

Екінің бірі армандаса да, ілкіде біреу ғана ұшқыш болады. Көк аспанның төрінде әуелеуді аңсаған Хиуаз бала арманына соғыс басталғанда жетті. Марина Раскова басшылық жасап, Кеңес әскеріне көмек ретінде тек әйелдерден құралған түнгі бомбалаушы-ұшқыштар полкі құрылды. Кейіннен жасаған ерліктеріне сай Қызыл Ту орденді Таман гвардиялық, 3-дәрежелі Суворов орденді түнгі бомбалаушы әуе полкі деп аталған нәзік жандылардың қатарында жалғыз қазақ қызы болды. Бойы небәрі 150 сантиметр талдырмаш, нәзік Хиуаздың жасы ол уақытта 19-да еді. Жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағын тізгіндеген бомбалаушы ұшқыштардың негізгі міндеті – түн ішінде жаудың соғыс техникалары мен қару-жарақ, оқ-дәрі сақталған қоймаларын бомбалау. Күтпеген жерден жау қонысын бомбамен тұншықтыратын нәзік жандылардың полкін немістер "түнгі мыстандар" деп атаған. Түн қараңғысында қоныстарына қырғидай тиетін Марина Раскова қыздарының ұшағын құлатып түсірген фашиске Гитлердің өзі темір крест беріп, аз күнге үйіне демалысқа жібруге уәде берген екен. 

ПО-2 тек 2 адамға арналған кішкентай көлемді ұшақ. Алдыңғы кабинкаға ұшқыш, оның артына штурман отырады. Штурманның негізгі міндеті ұшақтың ұшу және желдің жылдамдығын, бағытын, ұшу биіктігін ескере отырып, компас бойынша нысанаға дейінгі жерді белгілеп, ұшақтағы арнайы құралдар арқылы бомбаны соған көздеп лақтыру. 

№46 гвардия штурманы атанған Хиуаз Доспанова өз құрбыларының арасында "Катя" атанып кетеді. Бір күнде қатарынан 7-8 рет көкке көтерілетін қазақтың Катясы тапсырма орындау кезінде бірнеше рет өлімнен қалған. Осындай жағдайдың бірі 1943 жылы орын алды. Жауынгер қыздар жауға белгі бермес үшін тіпті сол жылдары ұшақтың жарығын да өшіріп ұшқан екен. Жау қонысын күл-талқан қылып, тапсырманы сәтті орындап келе жатқан Хиуаз Доспанова мен Юля Пашкова қону кезінде апатқа ұшырайды. Жарық өшірулі болғандықтан тұраққа екі ұшақ бірдей қонып Юля Пашкованың басқаруындағы ұшақ әуеден құлап түседі. Бұл оқиғадан кейін ұшқыш Юля Пашкова жан тәсілім етіп, штурман Хиуаз ауыр жарақаттанады. Бірнеше ай аяқ-қолы гипстеліп гоститальда жатқан Хиуаздың жағдайы қалыпқа келе бастағанмен аяғы толық икемге келе қоймайды. Сонда да штурман қызметіне қайта отырған апамыз жаумен айқасып кетеді. Десе де ауыр жарақаттанған аяғы белсенді қозғалуға жарамағандықтан тапсырманы орындап келгеннен кейін де ұшақтан түспей, кабинкада тынығып, келесі күні әуеге сол отырған қалпы қайта көтерілетін болған. 

Соғыс кезеңінде 300-ден астам рет көкке көтеріліп, жаудың соғыс техникаларын, қару-жарақ, қоймаларын талқандаған Хиуаз Доспанова алапат айқас аяқталысымен елге оралды. Жауынгер құрбыларының барлығы дерлік Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Алайда, қазақтың жалғыз қызының есімі марпаттау кезінде аталмапты. Жауынгер жазушы, соғыс ардагері Әзілхан Нұршайықов Хиуазға қатысты осы бір мәселені өз уақытында сауатты көтере білді. «Ұлы Отан соғысында Талғат Бигелдинов жау тылына – 305, Леонид Беда – 211, Сергей Луганский 390 рет ұшып, жауынгерлік тапсырманы орындап, үшеуі де екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олар қуаты күшті ұшақтарды басқарды. Жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағының жау ұшағымен шайқасар қуаты жоқ...» - деп жаза келе, Хиуаз Доспанова кішкене ғана фанера ұшақпен 300 ден астам рет әуеге көтеріліп, жауға ойсырата соққы бергенін айтып, қанатты қыздың ерлігі соғыс жылдарында бағаланбаса да, бейбіт өмірде бағалануы тиіс деп өз ойын ашық жазды. 

Соғыстан 2-топ мүгедегі боп оралған Хиуаз елге келгеннен кейін мемлекеттік маңызды қызметтерді атқарды. Қазақстан Комсомолының Орталық Комитетін басқарып, Алматы қалалық партия Комитетінің хатшысы қызметінде болды. Осы кезеңде Хиуаз апамыздың түрткі болуымен "Медеу" мұз айдыны бой көтеріп, «Горный гигант» алма бағы, «Ғалымдар үйі» және тағы басқа ғимараттар тұрғызылды. "Абай", "Шоқан" драмалары сахналанды. 37 жасында ғұмырлық зейнеткерлікке шыққан қазақтың батыр қызы 1960 жылы «Под командованием Расковой», 1963 жылы «Халқым үшін» соғыс естеліктерін жазды. 

Солтүстік Кавказ, Кубан, Қырым, Украина, Германияны жаудан азат еткен Хиуаз Доспанова «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және ерлігі үшін көптеген медальдармен марапатталды. Осы төсбелгілердің арасында тек бір медальдің орны бос қалған еді. Еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін арнайы Елбасының басшылығымен 2004 жылы Хиуаз Доспановаға көзі тірісінде еліміздегі ең жоғарғы "Халық қаһарманы" атағы берілді. Араға 4 жыл сала соғыста "Әуенің ханшайымы" атанған қазақтың батыр қызы әуеге тағы көтерілді. Бұл жолы рухы. Бұл жолы мәңгілікке.

А. Қажиев