Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Орталық мемлекеттік архивінде 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысты сан-алуан деректері бар қорлар сақтаулы. XX ғасырдағы ең қасіретті, қантөгіс соғысты суреттейтін ресми құжаттардан басқа, соғыс тарихын зерттеу дерек көзі болып табылатын құжаттардың бірі – жеке адамдардың, майданнан тылға, тылдан майданға жазған хаттары.
Олардың ішінен бөліп-жарып айтатын болсақ, «Қазақстан Ұлы Отан соғысы (1941-1945) жылдары» деп аталатын архив қорында Совет Одағы батырлары мен қатардағы жауынгерлерден келіп түскен хаттар, тылда «Бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін» деп, күндіз-түні тынбай еңбек еткен колхозшылар мен жұмысшы коллективтерінің майдангер жауынгерлерге жазған хаттары мен үндеулері жинақталған.
Ұлы Отан соғысы кезінде жазылған хаттардың топтамасы болып табылатын бұл архив қорының жинақталу тарихының өзі қызықты. Сонау 1943 жылдың өзінде, соғыс аренасында шешуші шайқастар жүріп жатқан кезде, республикамыздың архив қызметкерлері майдан хаттарын жинақтау жұмысын бастайды. Осы жұмыс нәтижесінде 1944-1945 жылдары майдангер хаттарының жинағы жарық көреді. Бұл қадамның өзі майдангер хаттарына берілген зор бағаның дәлелі болып табылады.
Мектеп дәптерінің беттеріне, кейде газет қиындыларының шетіне сиямен, не қаламмен жазылған бұл хаттардың қай-қайсысы болмасын адам жанын тебірентпей қоймайды. Бірінде дұшпанға деген ашу-ыза суреттелсе, ал енді бірінде туған еліне, жеріне, жарына деген сағыныш көрініс тапқан.
Сарғыш тарта бастаған майдангер хаттарын оқи бастасаң, көз алдыңа қантөгіс шайқастардан дамылдаған «үзіліс» кезінде хат жазып, не болмаса туған жерден келген хат-хабарды оқып отырған жауынгер бейнесі елестейді. Майдангерлердің жеке басына байланысты жазылған, жүрек түбінен сыр шерткен хаттардың біріне тоқталсақ деймін.
Сыздықбеков А.
5 шілде 1944 жыл
Мария!
Бүгінгі айлы жарық түн, жымың қағып, әсерін аймаққа шашып тұр. Мұндай түндер майдан өмірінде сирек кездесетін түн. Бұндай әсемді, қоңыр желді түнде дүниенің бәрі де өзінің қалпынан ана ғұрлым әсем көрінеді. Ал, өзіңді күндегіден өзгеріп кеткендей сезінесің, ұйқың келмейді. Я жеңіс күндерінің біртіндеп таянып келе жатқаны ма, болмаса ойыңа өмірдің қызығына қолым қашан жетеді деген ызың-ызың ойлардың түйдектеліп келіп жатқаны ма, әйтеуір ұйқым келетін емес.
Міне, мен осы жағдайдың үстінде отырмын, ұйқының келуін осы кішкене хатты саған жазумен тоспақшымын.
Әрине, бұл өмір сүрудің хаты, жастарды өз мақсаттарына жеткізудің хаты. Біздер сияқтылардың ой-ұйқысын бөлетін хат.
Ал, Марияш! Мен ұйықтадым. Бұл ұйқы мен үшін өте тәтті және бағалы, өйткені оның алдында осы хатты саған жаздым. Қазір де мен өзіңмен бірге отырғандаймын. Осының бейнесін тіршілік болса өзіңмен бір күні толық суреттермін.
Үй-ішіңе сәлем жолда! Хат жазып тұр.
Біз әлі өмірден алатын еншімізді алған жоқпыз. Оны алатын күн алда жатыр. Осыны есіңе сақта.
Ақмұқан. Полевая почта 22245-А.
«Алматы қаласы. Қазақ радиокомитетіне» деп жазылған, ол кезде Киров көшесінің бойында орналасқан Қазақ радиокомитетіне үшбұрышты хаттар майдан алқабынан көп-көптен түсіп жататын.
Олардың ішінде туған-туысқаннан қол үзіп қалған, не жастайынан жетімдіктің зардабын көрген жауынгерлердің радиодан хабар беру арқылы жаңа жора-жолдас, жар табу мақсатында жазған хаттары да кездеседі. Енді осы хаттардан үзінді келтірейік.
1945 жылдың 23 ақпаны.
Майданнан хат
Алыста жатқан Қазақстанның астанасы Алматы қаласына сәлем!
Мен Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе қаласынан боламын. Аты-жөнім – Жақашев Айтбай.
Әңгімеміздің арқауы болып отырған құжаттар майдан мен тылда фашизмге қарсы бірдей күрескен қазақстандықтардың ерлігі мен табандылығының ескерткіші болып қалғандай.
Бір жағынан, уақыт өте, қағазы сарғыш тарта бастаған бұл хаттардан әр түрлі тағдыр, әр түрлі ойлардың көрінісінен сыр тартқандай боламыз.
Ұлы жеңіс күніне жеткізген ер жауынгерлеріміздің, тылда еңбек еткен ерен еңбекшілеріміздің даңқы ешқашан ұмытылмақ емес.
Архив қызметкерлерінің ең бірінші кезектегі міндеттерінің бірі – сол күндердің белгісі болып қалған майдангер хаттарын сақтау, оларды болашақ ұрпаққа жеткізу.
Өткеннен сабақ ал деген сөз бар. Болашақ ұрпақта құны жоқ осы деректерді өз кезегінде дәріптеп, оларды бағалай алады деген үміттеміз.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Орталық мемлекеттік архивінің қызметкерлері бүгінгі таңда соғыс жылдары архив саласында қызмет атқарған әріптестерінің келелі ісін жалғап, «Қазақстан Ұлы Отан соғысы (1941-1945) жылдары» атты құжаттар топтамасын толықтыру мақсатында жұмыс атқаруда.
Осы мақсатта құрметті оқырмандардан отбасы архивтерінде аталарыңыз және апаларыңыздың соғыс жылдары майданда, не болмаса тылда, еңбек алқабында түскен суреттері, жазған хаттары болса, олардың түпнұсқасын, мүмкіндік болған жағдайда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Орталық мемлекеттік архивіне мәңгілік сақтауға өткізулеріңізді сұраймыз.
Архивтің мекен-жайы: 050000, Алматы қаласы, Абай даңғылы, 39 үй. E-mail: cga_rk@mail.ru. Телефон нөмірлері: 272-03-77, 272-02-48.
Автор: Г. М. Қаратаева – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Орталық мемлекеттік архивінің ғылыми-ақпарат жұмысы және ғылыми-анықтамалық аппараты бөлімінің бастығы
Біз әрбір қазақстандықты архив қорын Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл ардагерлерінің естеліктерімен толтыру жұмысына атсалысуға шақырамыз. Ол үшін сайттағы анкетаны толтыру керек – соғыс ардагерінің толық аты-жөні, туған күні, майдандағы немесе тылдағы қызметі жайлы қысқаша ақпарат және сурет. Оқиғалар WhatsApp +7-70-09-05-1945 нөмірі арқылы қабылданады. Бұл жоба ERG компаниясының қолдауымен жүзеге асуда.