- Негізгі бет
- 9 мамыр 2018
- Табылды жырына қосқан...
Табылды жырына қосқан Нысанбаев кім?
Бала кезімде ата әулетіміздің шежіресін көрсеткен. Қазір ментальды карта ретінде танымал сол сызбалардың арасынан облыс аймағында жиі еститін батырдың есімін көрдім – Боран Нысанбаев. Кейін атадан: «Ата, мына адам шынымен Табылды Досымов әніне қосқан батыр адам ба?» – деп сұрағаным есімде.
Иә, осылайша «Кеңес Одағының Батыры» атанған батырдың ұрпағы екенімді білдім. Жыл сайын дүрілдеп өтетін «Жеңіс күні» жақындаған сайын, атамның жан-жақтан естелік жинап, ақпарат іздеп жанталасатынын байқадым. Өздерінің қол жазбалары, хаттары болмаған соң, оның көзін көрген, таныған, бірге майдан алаңында болған жандарды іздейтіні анық.
Жақында газет бетіне жарыққа шыққан бір мақалада: «...Курск, Орел, Тула жерлерінде керзі етігіміздің табаны тимеген жер кем де кем. 1943 жылы 6 ақпан күні біздер Лески шығыс жағындағы ашық жалаңаш жерінен шабуыл жасадық. Деревняға таяу терең сайға түсе бергенде, бізді фашистер оқ боранының астына алды. Дереу сайға қиялап түсетін терең жолға басымызды паналап күртік қарға тығылдық. Командиріміз сайдың артқы беткейіндегі биіктен фашистер дзоттан оқ боратып тұрғанын байқаған екен. Ол дереу минометтерді құрып, атуға дайындауды бұйырды. Боран дзот қашықтығын шамалап, «пробный выстрел» жасатты. Бірінші атқанымыз дзотқа жетпеді. Екіншісі дзотқа дәл тиді. Бірақ дзот жарылмады. Мен үшінші минаны әкелдім, ол да бұза алмады. Енді минасыз құр қол қалдық. Артта қалған зеңбірекшілер де жетіп, дзотқа снаряд жаудырды, бірақ дзот құламады. Снаряд төбенің тас-талқанын шығарды, дзот сол қалпында қалды. Бізге Боран: «Атқыштар тобына қосылыңдар», деп бұйырды да, өзі сай бойымен еңбектеп ілгері кетті... Біз деревняны күшпен босаттық.
Дзоттың үні өшті, күлі көкке ұшты, бірақ дзоттың ішінде 27 немістің өлігі мен бірге Боранның да өлі денесі болғанын кейін естідім. Кеңес Одағының Батыры атағын Боран осы ерлігі үшін алды. Боран осы атқа лайықты еді», – деді өз естелігімен бөліскен соғыс және еңбек ардагері Темірғали Жалғасбаев.
Табылды Досымов «Биіктік» атты әнінде Боран Нысанбаевты былайша жырға қосады:
«....Жанарында жасын ойнап керемет,
Қарсы шапқан жауған оққа себелеп.
Санаң болса қалай ғана айтарсың,
Нысанбаев тау емес деп, тау емес деп төбе деп...»
Боран Нысанбаев – 1942 жылы Ресейдің Орлов облысына қарасты Покров ауданының Лески деп аталатын деревнясы үшін болған ұрыста, 137- атқыштар дивизиясының, 771-полкінің құрамында болып, неміс басқыншылары дес бермеген дзотты құртып, артынан өзі де сол жерде қаза тапқан қазақ жауынгері.
Биіктікті адамның күшімен есептер болсақ, ондағы менің санамдағы биіктік ұғымы махаббат пен борыш арқылы өлшенер еді. Адам үшін өз өмірінен артық ешнәрсе жоқ. Дегенмен, кейде сол өмірдің құны бір тиынға татитын ұлы күш бар екенін ұмытып кетеміз. Ол – махаббат. Отанға деген, туған жерге деген әрі отбасыға деген махаббаттың күші адуынды өлімнен де қаймықпайды. Ал, борыш болса, бұл – жауапкершілік. Ұрпағыңның, болашағыңның алдындағы үлкен жауапкершілік.
Бәріміз – бір кезде ел үшін жаның қиған батырлардың ұрпағымыз. Қанымызда тектілік, бойымызда мықты рухтың, жігердің нәрі бар. Тек соны уысымыздан жіберіп алмасақ, біз де үлкендер алдындағы парызымызды өтейміз деп сенемін.