Соғыс жылдарындағы балалар

Соғыс жылдарындағы балалар
Фото: mix.tn.kz,

Олар мұздай қаруланған әкелерін соғысқа аттандырып, қанға малынған майдан даласынан хабар ошар күтетін. Күтуменен, соғыс өртінің дауылдан кейінгі оттай дүлейленуін көруменен бұл балалар ерте есейіп кеткенін өздері де аңғармады. Еркек кіндіктінің барлығы жауға аттанғанда бозбалалар бір-бір үйдің тірегі, бас-көзі, қорғаушысы болды. Әкенің шаруасын қолға алып, ересектер қатарлы еңбек етті. Қиын қыстау заманда қиыншылығы көп күндерді бастан өткеріп жүрсе де, олар түбінде жауды жеңетіндерін сезді. Биыл Жеңіс күнінде TengriMIX сайты балалық шағында соғыс өртінің жалынына оранған бірнеше қазақстандықтың естеліктерін жариялады.

Mустахим Дүйсенұлы 
"Соғыстың басталғаны жайлы мен интернатта оқып жүргенімде естідім. Ол кезде 7 сыныпта оқитынмын. Сол кезеңде менің әке-шешем дүниеден өтті. Кейін ағам екеуміз балалар үйіне тапсырылдық. Қиын кездер еді ғой. Интернатта күнде аш жүреміз. Ол жерде күніне тек 2 жапырақ нан береді, болды... Бізді бір күні дәл осы интернаттан Атбасарға белгісіз себептермен көшірмекші болды. Сонда бір туысқанымыз ағам екеумізді өз отбасына, қамқорлығына алып, біз интернатпен қоштастық. Туысқан ағайымның үйіне барсақ, ол кісінің өзінің 6 бала-шағасы бар екен. Тар бөлмеде қыстырылып-қымтырылып жүріп ер жеттік. Барлығымыздың көкейімізде ең негізгі бір ғана арман болатын. "Тезірек соғыс бітіп, университетке оқуға түссем екен" - деген. Біздің еліміз соғыста жауды түпкілікті жеңді деген хабарды естігенде төбеміз көкке көтерілді. Ол кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қуанғаннан ішімнен өз-өзіме сөйлеп кетіппін. "Жеңіске жеттік. Енді алға қойған жоспарларды орындауға даңғыл жол ашылды. Оқу, жұмыс, жақсы көру..."

10 сыныпты аяқтай салысымен Қазақстанның Бүкілодақтық қысқы Спартакиадасына аттандым. Биатлон спорты бойынша 30 шақырым қашықта сынға түстім. Сол кездегі жаттықтырушым: "Мустахим, дайындалыңдар! Жақын арада мектеп аралық, аудан, одан кейін облыс аралық, республикалық спартакиадалар басталады". Оқушылар арасында, ауданда, облыста үздік атанған біздер Алматыға келдік. Мектеп табалдырығын тәмамдағаннан кейін сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ ұлттық университетінің геология және география факультетіне оқуға түстім. Осы оқуымды бітірген кез тың игеру жылдарының басталған шағына дөп келді. Комсомолдың жолдамасы бойынша Көкшетау облысы, Чкалов ауданына көшіп бардым. Еңбек жолымды ұстаздық мамандығымен бастадым. Бірнеше уақыттан кейін мен Щучинск қаласының халықтық білім бөлімінің инспекторы атандым. 1962 жылы мені Алматы қаласына әскерге дейінгі дайындыққа шақырды. Дәл осы уақытта бұрын жақын араласқан досым Құдайбергеновті жолықтырдым. Ол маған ғылым академиясының география бөлімінде аға лаборант қызметін ұсынды. Мен келістім. Ұсыныс бойынша, алғашында лаборант, сонымен қоса тау-кен инженері қызметін атқардым. 1964 жылы менің өміріме үлкен өзгеріс енді. Ішкі істер қызметіне шақырылдым. 1988 жылы зейнетке шыққанға дейін дәл осы қызметте болдым.

Мен бұл әңгімеммен жас ұрпаққа не айтқым келді? Оқыңдар. Қазақта аталы сөз бар, "ғылымсыз білім болмайды, білімсіз күнің болмайды" дейді. Қазіргі уақытта білім алам деген талабы бар адамға барлық жағдай жасалған. Біздің заманда мұның бірі де болмады. Барды бағалаңдар. Болашақ – жастардың қолында!"

Өтеғали Бекмұхамбетов 
"Мен 1942 жылдың басында Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында дүниеге келдім. Дәл осы уақытта жау Мәскеуді басып алуға бар күшін салып жатқан екен. Анам ауруханада санитар болып жұмыс істеген. Таң атқаннан қара кешке дейін жұмыста. Үйде тек 9 жасар ағам және мен қалады екем. Мені бірдеңені бүлдірмесін, оқыс жағдай орын алмасын деп аяғымнан орап төсектің аяғына байлап кетеді екен. 9 жасар ағам маған тек су беретін. Қиын қыстау заман еді. Үйде одан басқа азық та жоқ болды ол жылдарда". 

Өмір жолында қиындықтың түрлісін көрген Өтеғали Түлеуұлы өз өмірін музыка саласына арнады. Профессор атанған ол кісі бүгінде Ақтөбе педагогикалық университетінде сабақ береді. 

Өтеғали Бекмұхамбетов және жұбайы Айжан Сарбаева

Айжан Сарбаева 
Айжанның ата-анасы дәл 25 жастарында отау көтерді. Олар үйленген жылы соғыс та басталып кетті. Әкесі майданға аттанып кеткен күннен бастап 1943 жылға дейін хат жазылды. 1943 жылы жауынгердің хабар ошарсыз жоғалып кеткендігі жайлы хабар келді. 

"Біз Ақтөбе қаласында Гарнизонная көшесінде тұрдық. Анам қалалық әскери комиссариаттың жанындағы шеберханада тігінші болып жұмыс істеді. Жұмысындағы әйелдер күндіз-түні әскери киімдер, фуфайка, шинел, шалбар тігетін. Анам айтып отыратын, үйде аштан шыңғырып жылайтын мені тамақтандыру үшін жұмыстан дәретханаға сұранып шығып, үйге жасырынып келетін.

Біз, яғни, сол заманғы жас балалар ажалдан аман қалдық. Көбісі әкесіз өсті, көбісі жетім қалды. Менің қайта бағым бар екен. Соғыстан екінші топтағы мүгедек боп оралған азаматпен анам екінші рет тұрмыс құрды. Ол менің әкемнің орнын басты. Маған қамқор болып, әкеге деген махаббатты өшірмеді".

Айжан апамыз 7 жасында мектепке барған. Сонда сыныбындағы 30 баланың тек үшеуінің ғана әкесі болыпты. 

"Аштыққа шыдамаған балалар сыныпта отырып өздігінен талып қалатын. Кімде-кім үйден нан әкелген болса, міндетті түрде барлығымызбен бөлісетін. Кішкентай балалар қомпиған ата-аналарының, ағаларының киімдерін киетін. Аштықтан аман қалудың амалын, отбасын ойлаған балалар 7 сыныптан кейін жұмыс істеуге жалданатын. Қазір мінекей, сол бұғанасы қатаймаған жас балалар бүгінде 75-80 жаста. Көбісі өмірден озып кетті. Біздің қатарымыз жыл өткен сайын сиреп барады". 

Қазыкен Базылов 
Қырық бірдің қырғыны басталғанда Қазыкен атамыз 4 жаста болған. Кішкентай болса да, сол жылдардағы оқиғаларды, қайғыға, қасіретке толы жағдайлардың барлығы санасында жатталып қалыпты.

"Ұлытау ауданындағы Қарсақпайда тұрдық. Марқұм әкем Базыл соғыс басталысымен соғысқа аттанды, артында жанұясы қалды. Әкем кеткенде ошағымыз ортасына түскендей күй кештік. Шаруада шашау шыға бастады. Бірақ, біз қара жұмыстан қаймыққан жоқпыз. Қолғабыс қылар талай жұмыс істедік. Ұн тартып, малды жөндейміз, ауланы реттестіреміз, нан пісіруге көмектесеміз. Біз бір қызметке жарағанымызға қуанып, осы еңбегіміз сөзсіз жеңістің ауылын жақындатады деп сенетінбіз.

Өмірімдегі ең қуанышты, жарқын сәттің бірі – соғыстың біткенін естігенім. Біздің ауылдан 30 шақырым қашықтықтағы мекеннен біл салт атты азамат ауылды басына көтере сүйіншілеп соғыстың аяқталғанын, Совет әскерінің жеңіске жеткенін жеткізді. Осы бір сәт санамда жатталып қалыпты".

Соғыс бітіп, бейбіт күннің бозала таңы жылуын шаша бастағанда Жамбыл атындағы қазақ орта мектебін бітірген Қазыкен Базылұлы Новосібірдегі электротехникалық байланыс институтына оқуға аттанды. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін елге оралып, барлық күш-жігерін, қуаты мен жиған білімін өзі оқыған саланы гүлдендіруге арнады.

"Жас буынға айтарым, біздің еліміздің болашағы – жастардың қолында. Сондықтан, жастар білімді, көзі ашық, тәрбиелі, оқыған, өз ісінің нағыз маманы болу керек. Жұдырықтай жұмылу керек. Жеңіс туының желбірегенін көру үшін жан аямай еңбек еткен біз сияқты еңбекқор болу керек!"

А. Кабдрахманов, А. Шайкенов. 
Инна Гизатулина ("Диапазон")

 
А. Қажиев