- Негізгі бет
- 9 мамыр 2018
- Олжабай Темірханов: Ұлы...
Олжабай Темірханов: Ұлы Жеңіс куәгері
Адамзат тарихында адам жаны түршігер талай оқиға орын алды. Солардың қатарында жарасы әлі күнге дейін жазылмай келе жатқан – Ұлы Отан Соғысы. Оған себеп, қан-қасап сұрапыл соғыста қыршыннан қиылған боздақтардың бізге тікелей қатысы болуынан да шығар. Осынау қан майданға Қазақстаннан 1 миллион 366 мыңға жуық адам қатысып, солардың басым көпшілігінің сүйегі жат жерде қалды. Зұлматтың соңы жеңіспен аяқталды. Енді ол сан ғасырлар бойы аталып өтіледі. Оған қол жеткізгенімізге ғасырға жуық уақыт өтсе де, құндылығы арта береді.
Мереке алдында осы бейбіт кезеңді өз қолымен жақындатқан ардагерлердің ерлігін ұлағаттау мақсатында Олжабай Темірханұлы Темірханов атамыздың шаңырағына барып әңгімесін тыңдап қайтқан болатынбыз.
Панфилов көшесінде тұратын ҰОС ардагері Олжабай Темірханов Беларусь майданына қатысып, Варшаваны азат етіп, Белоруссияны жаудан құтқарды. Соғыстан соң, 1948 жылдан бастап Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының көмекшісі лауазымын атқарған.
Отан үшін жанқиярлығы, адалдығы және ерліктің өшпес үлгісіндей болған атамыздың әңгімесі былай басталды:
“Мен 1942 жылы мамыр айында Павлодар облысы Ертіс ауданы военкоматының шақыруы бойынша әскерге алындым. Содан Орал қаласындағы Кіші лейтенанттар курсында оқуда болдым. 1942 жылдың шілде айында фашистер әскері Сталинградқа жақындап қалуы себепті бізді бір түнде алып кетті. Ұрысқа Дон мен Еділ арасында кірістім. Жауды Доннан өткізбеуге қанша тырысқанымызбен, олар бізді Сталинградқа қайта әкеліп тықты. Сол жылдың 27 желтоқсанында ауыр жаралы болдым. Госпитальда 6 ай жаттым. Одан жазылып шыққан кезде өз әскери бөліміме жібермей, Свердловск пехота училищесіне оқуға алып қалды. Оны 1944 жылы кіші лейтенант болып бітіріп шықтық. Сол жылы 23 ақпанда барша училище Қызыл Әскер күнін атап өтіп жатқан болатын. Жиында полковник Сабирянов мені мінберге шақырып: Сталингард үшін шайқасқа қатысқан Олжабай Темірхановты мерекесімен құттықтап, кеудесіне “Сталинградты қорғағаны үшін” берілген медальді тағуға рұқсат етіңіз – деді.
Содан мен соғысқа офицер болып қайта кірістім. Мені бірден рота командирі етіп сайлады. Белоруссияның Пинск қаласында ауыр жарақатпен тағы 3 ай госпитальда жатып шықтым.
Жалпы айтқанда, сол Сталинградтан Берлинге дейін жаяу бардық десем болады. Соғыс кезінде 30-40 нағыз іріктелген жігерлі әскердің басын қосқан барлаушы да болдым. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ, қарақтарым. Оған қанша адамның тері, қаны, жасы төгілді”.
Сөз соңында Ұлы Жеңіс куәгері: “Қай-қай заманның да өз қиындығы болады. Қазақ “Заманыңа қарай бөркіңді ки”- дейді. Сендерде соған орай еңбек етіп, ел болашағына үлес қосыңдар. Тек жақсылық көріп, бақытты болыңдар” – деп ақ батасын берді.
«Егер ерім деп еміренер елі болса, елім деп ереуілдер ер де табылар» - дейді халқымыз. Қай замандар да болмасын қазақ азаматтары өз Отаны мен өз отбасы алдындағы борышын абыройымен атқара білген, сондықтан да олардың ерлік істері біздің заманға жыр-дастан, аңыз болып жаңғырып жеткен. Қан майданда жауға қасқая қарсы тұрған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Бүгінгі ұрпақ қазыналы қарттарға бейбіт заман үшін қарыздар. Жыл өткен сайын Ұлы Жеңістің куәгерлері арамыздан сиреп барады. Қызу шайқас ортасында тізесінен қан кешкен көзі тірі куәгерлер арамызда аз қалды. Әйтсе де, отты жылдар Отанын қорғап, аңызға айналған сұрапыл соғыстың ақиқатын білетін ардагерлеріміз бірлі-жарым болса да, баршылық. Солардың аузынан өткеннің естелігін естіп, құрбандардың рухына тағзым етіп, көзі тірісін құрметтеу, олардың ерлігі мен өрлігін болашаққа жеткізу – бүгінгі ұрпақтың басты парызы. Біздің ендігі міндет те осы үрдісті тоқтатпай, қазақтай ұлт ұрпағының ерлігін аңыз қып келер буынға дәріптеу.
А. Оралқызы