Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағына келіп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады. Біздің ата-бабаларымыз сұм соғыста от кешіп, окоптан кеуделерін отқа төсегенін білеміз. Олар Отанымызды, біздің тыныштығымызды, төбеміздегі бейбіт аспанды қорғады. Олар ерліктің үлгісін көрсетті, - деді Президент. Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың ерлігі бұрынғы КСРО мен Еуропа аумағында кеңінен белгілі екенін атап өтті. 500 отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атағын алды, соғысқа аттанған 1,8 млн адамның тең жартысы елге оралмады. Әрбір отбасыда, әрбір адамның жүрегінде әлі күнге дейін соғыстың қанды ізі қалды, - деді Назарбаев. Елбасының айтуынша, бұл күнді атап өту ата-бабамыздың қаһармандық пен жанқиярлықтың үлгісін өскелең ұрпаққа көрсету үшін қажет. Біз бейбіт мемлекетпіз. Достық орта мен ел ішіндегі тұрақтылықпен, өзара түсіністікпен тәуелсіз елімізді тұрғызып келеміз. Біздің болашақтағы барлық жетістігімізге осы кепіл болмақ. Біз бейбіт ел болсақ та, сол соғысты есімізде сақтаймыз, сол себепті қорғанысқа әзір отырамыз, - деді Мемлекет басшысы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ардагерлерге ерекше тоқталып өтті. Әрине, сіздер көп жасадыңыздар, көргендеріңіз де көп. Уақыт өткен сайын азайып бара жатқандарыңыз жанға батады. Сіздер жанымызда болған кезде біз, сіздердің балаларыңыз бен немерелеріңіз, өзімізді тұрақты сезініп, сіздердің қаһанмандық үлгілеріңізден нәр алып, табанды болуды, отанының париоты болуды, қасық қаны қалғанша өз елін сүюді және күресуді үйренеміз. Мерекелеріңізбен құттықтаймын! - деп Елбасы ардагерлерге зор денсаулық, табыс пен бар жақсылықты тіледі. Дереккөз:baq.kz