Алматы жұртшылығы 28 Панфиловшылар паркінде орналасқан Мәңгілік алауға гүл шоғын қойып, қан майданда қаза болған құрбандарды еске алуда. Бүгін барғандар қатарында мектеп оқушылары мен балабақша бүлдіршіндерінің саны басым екенін байқадық. Жеңіс күні - Отан қорғаудағы өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың шексіз қаһармандығы мен мұқалмас қажыр-қайратының ең айтулы мерекесі. Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Майдангерлердің иығына аса ауыр жүк түсіп, Отаны, елі үшін от болып жанды, оқ болып атылды. Қаншама боздақтар қан майдан даласынан қайтпай қалды. Арын байрақ, намысын найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз. Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Балабақша мен мектептегі тәрбие жұмыстары жас жеткіншектердің еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттырса, бабалар рухына тағзым жасау патриоттық сезімін биіктете түседі. Осы мақсатта бүгін 28 Панфиловшылар паркіне жас жеткіншектерді бастап келген ұлағатты ұстаздар мен аяулы тәрбиешілерді көріп, көңіліміз толды. Кейбірімен тілдесудің де сәті түсті. Құлагер балабақшасының ұстаздары бүлдіршіндерін жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында 28 Панфиловшылар паркіне алып келеді екен. Бұл жайында балабақшаның оқу-тәрбие жұмысының меңгерушісі Бұхарова Мираханымайтты. - Біз мектепке даярлық топтарын жыл сайын осында әкеліп, бабалар рухына тағзым жасауды дәстүрге айналдырғанбыз. Мәңгілік алауға гүл қойып, еске алу шарасына қатысамыз. Балалар Жеңіс күні қасиетті де, қастерлі мереке екенін жақсы біледі. Қазіргі бейбіт күнге қалай жеткеніміздің бір айғағы осы батыр ата-бабаларымыздың арқасы. Осыны жас бүлдіршіндеріміз көзбен көріп, біле жүрсін деген мақсатпен жыл сайын келіп тұрамыз. Олар осындағы ардагерлер мен әскери қызметкерлерді көріп, батыр болғысы келіп, рухтанып қайтады, деді. Бүлдіршіндер Мәңгілік алауға гүл қойып, естелік суретке түсті.