- Негізгі бет
- 9 мамыр 2017
- Соғыс жылдарындағы мәңгілік...
Соғыс жылдарындағы мәңгілік махаббат
Махаббатым! Жүрегім қан жылайды. Екеуміздің алғашқы ажырасуымыздың алдындағы соңғы күн бұл. Мен ешқашан ештеңені ұмытпаймын. Бәрі-бәрі жүрегімнің түбінде сақталады, көгершінім менің. Қаншама ұмытылмас ұлы сезімді сыйлағаныңды түсінбейтін де шығарсың, өзіңмен бірге қаншама бақытты сәтті өткердім. Жүрегіміздің қалауына қарамастан, ертең екеуміз екі жаққа кетеміз. Мұңға батып отырсам да, саған үміт сыйлау үшін күлімдеуге тырысамын. Элен, махаббатымызға сенші!
Сенің Қадемің
Бұл – жерлесіміз Қадем Жұманиязовтың күнделігінен үзінді. Бүгінде арада жетпістен астам жыл өткенде ол жеке хат болудан қалған. Бұл – Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Францияда кездескен Қадем мен Эленнің, қазақ пен француз қызының бақытты сәттеріне куә болған тарихи құжат.
Қадем үйіне оралып, басқа қызға үйленген. Ұлды болған. Бірақ ол күнделік жазуды доғармай, Эленмен ойша сөйлесуді жалғастыра берген. Қадемнің ұлы Зәуір әкесінің күнделігін сақтап қойған. Ұлы тым кішкентай болғандықтан, әкесінің бейнесін бұлдыратып болса да есте сақтамаса да, күнделік әкесінің қандай мейірімді әрі ержүрек болғанын түсінуге көмектесті. «Бұл – әкем екеумізді жалғайтын жалғыз жіп», - дейді Зәуір күнделікті аялай сипап отырып.
1995 жылы экранға өзінің қазақ әкесі Манас Нұғмановқа іздеу салған француз қызы Моник туралы айтатын «Бір пұшпақ жер үшін» атты француз-қазақ киносы шықты. Журналистік зерттеу барысында біз Манастың досы Қадемнің оқиғасынан хабардар болдық. Ұсынылған мақаланы Парижде тұратын журналист қыз Оғылбибі Аманниязова жазды.
Алдымен Қадемнің ол жаққа қалай тап болғанын анықтап алайық. Жалғыз өзі бармаған. 1944 жылы Францияның оңтүстігінде Қарсыласу қозғалысы белсенді түрде жүрді. Соның қатарында Бірінші кеңес полкі құрылып, мұрағат құжаттары дәлелдегендей, ол түркістандықтар мен грузиндерден тұрған. «Түркістандықтар» деп қазақтар, өзбектер, татарлар, түркімендер, башқұрттар және басқа да кеңестік түркітілдес республикалардың өкілдері айтылды. Жүздеген қазақ қатысқан, саны бойынша нақты деректер, өкінішке орай, жоқ.
Отандастарымыз өздерін maku немесе макизарлар деп атаған француз партизандарына түрлі жолмен қосылды: кейбіреулері вермахтар шахтада жұмыс істету үшін алып келген Альби және Кармо (Францияның оңтүстігінде) қалаларындағы неміс лагерьлерінен қашып шықса, енді біреулер ұлтшылдардың күштеуімен келген Түркістан легионынан қашқан, ал үшіншілері Испаниядағы соғысқа қатысқан халықаралық бригаданың құрамында келді.
Біздің полк француздарға Тулуза, Альби, Кармо, Монтобан, Эжен және т.б. ондаған қала мен ауылды азат етуге көмектесті. Макизарлар арасында КСРО-дан шыққандар ғана емес, поляктар, испандар, югославтар, ағылшындар да болды.
Ондаған жыл бойы біз неге олардың француздардың Қарсыласуына қатысқанын білмедік? Әлем тарихының бұл парағының тарих жадынан өшіп кетуінің бірнеше себебі бар. Францияға тұтқын сарбаздарды шахтада жұмыс істетуге алып келген ұлтшылдар жергілікті тұрғындарды қорқыту үшін бұл жаққа адам жегіш моңғолдардың жиналып жатқанын айтқан. Осылайша көптеген жыл бойы француздар оларды моңғолдар деп есептеп келген. Ешкім оған күмән келтірмеген. Олай айтатын ешкім болмады. Отанына оралған бүкіл дерлік кеңес макизары гулагқа жөнелтілген. Біреулері жеңістен кейін, ал енді біреулері кейінірек туған-туысқандарымен қауышып үлгеріп, тіпті, жұмыс жасаған соң жіберілген. 1965 жылы Францияда Қарсыласу қозғалысының қатысушылары жайлы кітап жазылды, кітап авторлары Қазақстаннан шыққан макизарлар туралы дерек жіберуді сұрап, Алматыға өтініш жолдайды. Оларға біздің отандастарымыз Францияда соғыспаған деген жауап келеді.
Бірақ Қадем Жұманиязовтың күнделігіне оралайық. Онда мынадай жазу бар: «1944 жылдың 12 желтоқсанында Тулузада негізінен қазақтар мен грузиндерден құралған Бірінші кеңес полкі тұрды. Бәріміз лагерьден француз партизандарына қашып шығып, немістерге қарсы соғыстық. Мен испан, француз, поляк, орыс, қазақтардан құралған автоматшылар ротасын басқардым. Көптеген қала мен ауылды азат еттік... Жеке құрам көп адамын жоғалтқан жоқ...»
Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев. Үзінді осы кітаптан алынды.
Г. Берік