"Кеңес Одағының Батыры" атағын екі рет алған 4 қазақстандық

"Кеңес Одағының Батыры" атағын екі рет алған 4 қазақстандық
Фото: OboiFullHD.ru

Бұрынғы Кеңес Одағы бойынша 154 сарбаз "Кеңес Одағының Батыры" атағын екі мәрте алса, оның төртеуі – қазақстандық. Ендеше ерен ерлігі ерекше мойындалған 4 отандасымыз туралы айтып өтейік. 

Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов 1922 жылы, бұрынғы Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Майбалық ауылында дүниеге келген. Авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері. Анталаған жауға тұтқиылдан соққы беріп, есеңгіреткен есіл ер өз өмірінде 305 рет көкке көтерілген. Фашистер өздеріне аяусыз өлім оғын сепкен Талғат мінген ұшақты «Қара ажал» деп атаған. Соғыстан аман-есен оралып, түрлі мемлекеттік қызмет атқарады. Соғыста көзсіз ерлік көрсеткен ұшқыш батыр 2014 жылы Алматы қаласында дүниеден озды. 

Леонид Беда Игнатьевич 1920 жылы тамыздың 16-ында Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы Новопокровка ауылында өмірге келіп, 1976 жылы желтоқсанның 26-сы күні Беларусь Республикасының Минск қаласында дүниеден озған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, авиация генерал-лейтенанты (1972), ұшқыш-шабуылдаушы. Кеңес Одағы Батыры атағын екі рет алған. 1944 жылдың сәуіріне дейін 109 рет әскери тапсырмамен жау әскері шоғырланған жерлер мен бекіністерді шабуылдады.

Сергей Луганский Данилович 1918 жылы 1 қазанда Алматы қаласында шаруа отбасында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде Луганский 390 рет ұшу сапарына шығып, жаудың 37 ұшағын атып түсірді. Соғыстан кейінгі жылдары КСРО ҚК-нің әскери әуе күштері саласында әртүрлі жоғары басшылық қызметте болды. Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте алған. 

Иван Павлов Фомич 1922 жылы Қостанай облысыМеңдіқара ауданында туған қазақстандық ұшқышмайор, 2 рет Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Соғысқа 1942 жылы желтоқсаннан бастап қатысты. Ұшқыш, аға ұшқыш, звено командирі, әуеэскадрильяның командирі, штурмандар авиаполкінің штурманы болды. Калинин, Орталық, 1-Прибалтика майдандарында 200-ден аса әуе шабуылына қатысып, жеке өзі жаудың 3 ұшағын атып түсірді. Жауынгерлік міндетін атқару үстінде қазаға ұшырады.

Р. Роза