- Негізгі бет
- 9 мамыр 2016
- Соғысты суретке түсірген...
Соғысты суретке түсірген майдан операторлары
Біздің Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты ойымыз қалыптасуына, соғыс атмосферасын сезінуімізге тек кітаптар мен фильмдер емес, майданда түсірілген суреттер мен видеомұрағаттар да зор әсер етті. Соғысқа қатысты әңгіме қозғалғанда көбіміздің көз алдымызға қару ұстаған әскери адамдардың түссіз бейнелері келетіні де содан болар. Бүгін тарихи сәттерді арнайы құрылғысына түсіріп алып, болашақ ұрпаққа баға жетпес мұра қалдырған майдан кинооператорлары жайлы сөз қозғасақ дейміз.
Операторлар майданға неміс әскерлері КСРО-ға шабуыл жасағаннан кейін үш күн өткенде жіберіле бастаған. Жалпы, 1941-1945 жылдар аралығында соғысқа 258 оператор аттанып, олардың төрттен бірі қаза тапқан екен. Сонымен қатар, әрбір екінші оператор ауыр жарақат алған көрінеді.
Түсірілімге қолға ұстауға ыңғайлы және басқа камералардан бірқатар артықшылықтары бар "КС" киноқұрылғылары пайдаланылған. "КС" америкалық "Белл-Хауэлл" компаниясы өндірген "Аймо" құрылғысының кеңестік көшірмесі. Бұл құрылғы дыбыс жазбайды және оған арналған таспа бар-жоғы 30 метрді құрайды. Яғни 1 таспа тек 1 минуттық түсірілімге жеткен. Сол себепті операторлар соғыс алаңында таспаны ауыстырып жатпас үшін, мейлінше керекті сәттерді "ұстауға" тырысып баққан. Араларында жақын достарының өлімін кездейсоқ түсіріп алғандар мен камераны қосқан күйі оққа ұшқандар да болған.
(Борис Соколов, 1945 жыл)
Оқтан аман қалғандары уақыт оғынан аман қала алмады. Бүгінде қауіп пен қатерге толы бұл жұмысты атқарған жандардан мәскеулік Борис Соколов есімді ардагер ғана тірі. 1941 жылы жаңадан оқу бітірген ол соғысқа 1944 жылы, яғни 24 жасқа қараған шағында аттанған. Майданға бармас бұрын мамандығы бойынша тәжірбие жинап, тыл хроникасын түсіру мақсатында соғыстың алғашқы жылдарын Қазақ жерінде өткізген ардагер КСРО әскерімен бірге көптеген шабуылдарға қатысып, бірқатар тарихи маңызы бар оқиғалардың куәсі болған. Соның ішіндегі ең елеулісі — Германия әскерлерінің тізе бүгу туралы актіге қол қою сәті. Соколов сол сәтті таспаға түсірген операторлардың бірі.
Қару асынып, жауға қаратып оқ жаудырмаса да бұл жауапты жұмысты арқалаған жандардың майдандағы күндері оңай болған жоқ. Олар да сарбаздар қатарлы шабуылға шықты, шегінді, соғыс алаңында жүрді. Олар да оққа ұшты, аспаннан бомбалаудың құрбаны болды. Дегенмен олар соғысқа өлу үшін емес, өмір сүру үшін, сол арқылы тарихи сәттерді болашаққа жеткізу үшін келген еді. Күнделікті өмірді суретке түсіру бір бөлек, ал соғыс алаңын суретке түсіру мүлде бөлек. Тағдырдың жазуымен қатігездіктің куәсі болған бұл жандар соғыстан кейін ұзақ жылдар бойы өздері түсірген суреттер мен видеоларға қарай алмаған деседі...
Y. Almabek