Арада енді тағы жетпіс жыл өткенде адамдар соғыстың қалай болғанын да білмеуә мүмкін. Себебі оны айтып, кейінгіге қалдыратын ардагерлер сирееп келеді. Көзі тірі ардагерлердің өзі қиын кезеңді еске алғысы келмей, айтуды қиынсынады. Аталған жағдай орын алуы мүмкін емес. Себебі оны тасқа басқан таңбадай етіп жазып қалдырған жазушыларымыз көп. Соғысқа қатысып бір ерлік жасаса, оны келер ұрпаққа мұра етіп жазып, екі есе ерлік етті.
Нағи Ілиясов «Жауынгер жолы»
Совет одағы Батыры Нағи Ілиясовтың бұл кітабында Ұлы Отан соғысы жылдарында өзі барлаушы болған танкіге қарсы ұрыс жүргізетін артиллериялық дивизиондағы қарулас жолдастарының қалмақ даласындағы, Сталинград маңындағы, Дунайдан өту кезіндегі, т. б. жерлердегі ерлікпен жүріп өткен жорық жолдары шыншылдықпен, әсерлі суреттеледі. Кітап оқиғасы қызықты, жастарға патриоттық тәрбие береді.
Әлжаппар Әбішев «Жас түлектер»
Бұл роман көпшіліктің сұранысына ие болып, оқырман қауымның жоғары бағасына ие болған туынды. Автор шығарманың шынайы жазылуына, образдар өміршең болуына, кейіпкер характерін саралап, оқиғаны тартысты өрбітуге күш салған. Боздаған ана, қаралы хат, жаралы жар... Бәрі-бәрі осы туындыда көркем суреттелген.
Сәуірбек Бақбергенов «Белгісіз солдат»
«Белгісіз солдат» деректі повесі шынайы оқиға негізінде туған. Ұлы Отан соғысы ардагерлері, қан майданда қаһармандықпен қаза тапқан, есімдері белгісіз болса да, ерліктері ел есінде сақталған майдангерлер хақында сыр шертеді. Төлеген Тоқтаров, Иван Цыганков, Мәлік Ғабдуллин, Әшірбай Қоянкозов, байланысшы қыз Маша Макарова, Рашит Жанғозин, Ж.Әбілев, О.Бозаев, Е.Бозаев, Жаманбай Қырғызбаев сынды батырлар туралы кеңінен әңгімеленген.
Қасым Қайсенов «Жау тылында»
Халық қаһарманы, ҰОС партизаны, отрядның командирі Қасым Қайсенов «Жау тылында» кітабы 1967 жылы жазылған. Партизан жазушы Украина, Молдава, Венгрия жерлерінде жүріп, жау тылында жасаған ерліктері шығарма арқауына айналған. Оқиғалар шынайы суреттеледі. Оның әр жолынан Отанға, елге, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік рухы сезіледі.
Әди Шәріпова «Партизан қызы»
ҰОС жылдары өмірін жорықпен өткізген жауынгер жазушы. «Партизан қызы» романын оқырман жылы қабылдады. Орыс, украин, литван, қырғыз тілдеріне аударылған. Қаламгер қаламынан ғана емес, автордың өзі, қарулас достары басынан кешкен жайттар негізінде туған «Ормандағы от», «Тон», «Арбасу» секілді көптеген повестері бар.