Міне, майданға да табан тіреді. Офицерлер Мәншүкті хатшылыққа, әскери іске баулыды, жауынгердің міндеттерін тәптіштеп түсіндірді. Әрқайсысы әскери мамандықтармен мадақталып жатты, бірі – телефонист, бірі – медбике. Ол үнсіз отырды. Оның өз арманы болатын. Бір кезде үн қатты:
– Мен пулеметші болғым келеді...
Бұл – Мәметова Мәншүк болатын. Қайсарлығы мен қайраттылығының арқасында майданда танылған батыр қыз. 1922 жылы Орал облысы, Орда ауданында Мәметовтер отбасында Жиенғалидың Мәнсия атты қызы дүниеге келеді. Анасының еркелетуінше, ол – «Моншағым» екен. Кейіннен Мәншүк аталып кеткен ерке арудың жиырмадан астам жылдан соң, ержүрек қыз атанып, тарихта қаларын кім білген?! Ата-анасынан ерте айрылған ару қыз жастық шағын да тәрк етті. Алматы медициналық институтында оқып жүрген шағында майданға келген болатын.
«Немістер тағы да бетпе-бет шайқасқа шықты. Пулеметші қыз қөзін ашқанда қарсы алдынан жасыл мундирді көрді. Сонда «максимнен» тағы бір кезекті от шашырады. Басқалары кейін секіріп қашты.
Мәншүк соңғы жігерін жинап, міндетін орындады. Миномет оғы аспанға атылды. Қолынан пулеметін босатпаған күйі көз жұмған қазақ қызын бәрі көрді.
1944 жылы 1 наурызда ержүрек қызға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Қазақ елі аяулы Мәншүгін ешқашан ұмытпақ емес. Барлық адам оның жарқын бейнесінің алдында бас иіп, ардақты атын бойтұмардай мойнына арқалап жүретін болады».
19 жастағы қаршадай қызды майдандас жолдастары "Шығыс жұлдызы" деп атаған. Отбасылық тауқыметті 8 жасынан көріп өскен бұл қыздың есімі – Әлия Молдағұлова. Тағдыр қайрағандықтан ба, мінезі қатал болған екен. Әлияның мұғалімдері, бірге оқыған дос қыздары оны өте ұстамды, терең ойлы, таза, ұқыпты деп естеріне алады. Ол жалқауларды жек көріп, бүкіл балалардың алдында сынап, ұрысатын. 6-7-сыныптарда Әлия староста болған. Үздік оқуы мен үлгілі тәртібі үшін Әлияны Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері Артекке жіберген. Артекте батырлардың тақтасында атақты Батырлар Рубен Ибаррури, Тимур Фрунзенің қасында Әлия Молдағұлованың да суреті бар. Әлия оқуда өте зерек, талапты, ынталы болып, кітапты көп оқыған. 1942 жылы Әлия өз еркімен майданға аттанып, мергендер мектебін үздік бітірген. Бір хатында ол өз құрбылары мен достары үшін фашистерден кек алуды қалайтынын жазады. Өзі оқыған қаласының құрсауда қалғаны оны қатты алаңдататын еді. 1943 жылы Снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебін тамамдаған ол 1943 жылдан бастап, 54-ші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-ші әскер, 2-ші Балтық жағалауы фронты). Жау әскерінің 30-дан аса сарбазы мен офицерінің көзін жойған. 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапқан.
Ол – қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы. Майдан алаңында «Катя» деп аталып кеткен ол – Хиуаз Доспанова. Ұстазы Мария Степановна «Адамдардың ауруын жазып, жарасын жеңілдетіп, жүзіне күлкі үйіріп, қол ұшын созғаннан артық бақыт жоқ» деген сөзінен кейін Мәскеудегі Тұңғыш мемлекеттік медицина институтына өтініш жазып, қабылданады. Дәріс тыңдап, үздік атанып жүрген Хиуаз дадиодан беріліп жатқан соғыс хабарын естіп, майданға аттануға рұқсат алу үшін комсомолдар аудандық комитетіне барғанда кезекті метрополитен құрылысына тап болады. Істен қашпайтын рухты қыз бұл жерде де тер төгеді. Кейін Кеңес Одағының Батыры Марина Роскова құрған тұңғыш әуелік әйелдер бөліміне қабылданады. Әуелік қызметтік қыр-сырын тез меңгерген ол жауынгерлік шеберлікке де тез шыңдалады. Марина Чечнева «Менің жауынгер құрбыларым» кітабында майдасдас құрбысы туралы: «Хиуаз Доспанова туған жері Қазақстанға соғыс аяқталғанда ғана бір-ақ оралды. Отанына оралған соң, Алматыда өткен митингте былай деді: «Біз от ортасында соғыстың қаһарын тартып келдік. Қаншама өлген адамды, сұмдықты, қорқынышты, адам азабын көрдік. Бала болдық, жас болдық, қыз болдық, соғыстың басында немістерге айдалып кеттік. Міне, ол жақтан қартайып келіп тұрмыз. Еліміздің басына жазылған қиыншылық кезеңді ешқашан ұмытпаймыз және ұрпақтарымыз сондай тар заманды қайтадан бастан кешуіне жол бермейміз!» деп жазған.
Ұлы Отан соғысы милитаристік Жапонияны жеңумен аяқталды. Осы шайқаста Жапонияны тізе бүктіруге қатысқан қиыршығыстық кеңес жауынгерлерінің қатарында қазақ қыздары байланысшы, десантшы, барлаушы қызметінде жүрген. Қыздардан құралған аэродром қызметін қамсыздандыру батальоны құрамында болған Қаным Әлмағамбетова мен Үмітай Есқалиева соғысты Кореяның Хедзио қаласында аяқтайды.
Өз қолымен жазған ғұмырбаянында Қаным Әлмағамбетова 1921 жылы Орал облысы, Тайпақ ауданы Базартөбе ауылында дүниеге келгенін айтады. Қаным ел басына күн туғанда майданға сұранып, әскери комиссариатқа өтініш жазды. Бұл жазған өтініші қабылданады. Батыр қыз өз өмірбаянында «1942 жылдың август айында өз еркімізбен соғысқа сұрандық. Тайпақ ауданынан менімен бірге 10 қыз аттандық. Оралдан 1 эшелон қызды тиеп, Қиыр Шығысқа алып кетті. Лесозаводск деген жерде, кейін Киров ауданы территориясындағы орман ішінде 3 жыл бойы аэродром қызметін қамтамасыз ету әйелдер батальонында болдық. 4 жыл бойы өзіммен бірге болған Есқалиева Үмітай екеуміз өмір соқпағын бірдей көрдік. Аэродром күзеттік. Ұшқыш истребительдердің ұшып келгеннен кейінгі қызметін атқардық» деп жазған. Ал оның құрбысы Есқалиева Үмітай 1921 жылы Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданы, Калмыков ауылында дүниеге келген. Бір жасында әкесінен, ал 1934 жылы он үш жасқа қараған шағында анасынан айрылып, ағасы Ораздың қамқорлығында өседі. Жетімдік көрген Үмітай құрбысымен бірге майданда қызмет етіп, аман-есен оралады.
95 жастағы жады мықты майдангер ана 40 шамалы орыс ұлт өкілдерінің арасында тұрған үш қазақ қызы Әлмағамбетова Қаным мен Есқалиева Үмітайды және Ерғазиева Сәбиланы көрсетіп, аты-жөндерін мүдірмей айтып берген екен.
Өзге ұлтты жатсынбай, елге деген партриоттық сезімін дәлелдеп, тер төккен арулардың санында шек жоқ.
Г. Берік