Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Ұлы Отан соғысы тақырыбын музей экспозицияларында және оқу орындарында көрсетудің әдістері» атты шара өтті.
Дөңгелек үстелдің ашылуында сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай Қазақ еліндегі бейбіт өмірге тоқталып, өткеннен сабақ алудың маңызын айтты.
– Ұлы Отан соғысының зардаптарын айтып тауыса алмайсыз. Бірақ ол біздің тарихымыз, оны ұмытуға болмайды. Біздің жас ұрпақ бейбіт заманда өмір сүріп жатыр. Лайым, әрқашан солай болсын деп тілейміз. Десе де өткеннен сабақ алу, бардың қадірін бағалай білуіміз керек. Соғыстың зардабын есептеп, оның орнын толтыру еш мүмкін емес. Алайда елі үшін жанын қиған батырларымызды ұлықтау, оларға құрмет көрсету әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Еш жерде оқ атылмасын, жер бетінде бейбітшілік салтанат құрсын,– деді Д.Мыңбай.
Ұлы Отан соғысы ардагері Николай Козак соғыстың қайғы-қасіреті адам санасында өшпес із қалдыратынына тоқталып, ынтымақ пен келісім адамзаттың асыл құндылықтарының бірі екенін айтып өтті.
– Талай қиындықтарды бастан кештік. Қанша жылдар өтсе де оның бәрі ұмытылмайды. Шайқас туралы айту маған өте ауыр. Ең бастысы, жас ұрпақ соғыс көрмесін, тыныштықта өмір сүрсін. Болашағымыз жарқын болсын. Балалар ата-анасынан ажырамасын,– деді Н.Козак.
Сонымен қатар, іс-шара барысында әскери техникалар мен әскери миниатюралардан құралған шағын көрме көпшілік назарына таныстырылып, олардың жасалу жолдары түсіндірілді.
Жиын соңында Ұлы Отан және Ауған соғысы ардагерлеріне Ұлттық музей атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.