Әскери кафедраға түсу ерікті түрде өтеді. Студенттер әскери кафедраға түсу арқылы ары қарай әскери офицерлік запасқа қабылдануға мүмкіндік алады. Негізгі запасқа алыну үшін әскерден өту керектігін білеміз. Алайда әскери кафедраны бітірсеңіз, әскерден өтудің қажеті болмайды.
Әскери кафедраға қалай түседі?
Әскери кафедраға 27 жасқа толмаған азаматтарды алады. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды азаматтарды таңдайды. Студенттер әскери дайындықтан өту үшін ЖОО басшысының атына өтініш жазады. Іріктеу комиссиясы студенттерді сол өтініштер бойынша қарастырады.
Әскери кафедраға түсу үшін студенттердің мынадай көрсеткіштерін ескереді:
- Әскери басқарманың жергілікті органдағы шақыру комиссияларының медициналық куәландыру нәтижелері;
- Әскери оқу орындарына түсетін талапкерлерге арнайы белгіленген дене дайындығының нормативтерін орындау нәтижелері;
- Психологиялық іріктеу нәтижелері;
- Емтихан нәтижесі бойынша анықталатын оқу орнындағы студент үлгерімінің орташа балы.
Жоғарыдағы көрсеткіштер іріктеу комиссиясының отырысында қаралады. Әскери кафедраға түсу үшін студент төмендегі құжаттарды тапсыру қажет:
- Тіркеу куәлігінің көшірмесі және түпнұсқа;
- Жеке куәлігінің көшірмесі және түпнұсқа;
- 2 дана деканның қолы бар сипаттама;
- 2 фотосурет (3x4);
- Автобиография.
Әскери кафедрадағы оқу барысы
Әскери кафедрада оқу 2-курстан басталады. Студенттің әскери кафедрадағы оқуы ЖОО аяқтағанға дейін бітеді. Әскери кафедрада студенттерге міндетті дәрістік сабақтар өткізіліп, өзіндік жұмыстар да беріледі. Әскери кафедрадағы сабақтарды өтуге студентке бір күн ғана беріледі. Сол күн "әскери күн" деп белгіленіп, ол күнге ЖОО-дағы басқа сабақтары қойылмайды. Медициналық ЖОО-дағы оқу ерекшелігі ескеріліп, әскери кафедра сабағы басқаша қойылуы мүмкін. Оқытушы әскери дайындыққа міндетті түрде 450 сағаттан кем емес сабақ өткізуі тиіс. Әскери кафедрадағы сабақтар запастағы офицерлерді даярлаудың үлгілік оқу бағдарламасымен жүреді. Оқытушы басшылығымен жүргізілетін міндетті сабақтар көлемі күніне 6 сағаттан аспауы керек.
Себепсіз әскери дайындық бойынша сабаққа жүйелі бармаған (24 сағаттан артық), тәртіп бұзған немесе оқу жиындарынан өтуден бас тартқан студенттер әскери дайындық бойынша сабақтардан шеттетіледі. Әскери дайындықтың толық курсынан өткен, емтихан тапсырған және оқу жиындарынан өткен студенттерге ЖОО аяқтағаны туралы дипломды алғаннан кейін «запастағы лейтенант» әскери атағы беріліп, міндетті түрде әскери билетте көрсетіледі.
2015 жылдан бастап әскери кафедраға студент-бойжеткендер де түсе алады. Дайындық екі әскери мамандық бойынша жүргізіледі: байланыс бөлімшесін қолдану (әскери байланысшы) және автоматтандырылған қауіпсіздік жүйесін қолдану. Студент-бойжеткендерге әскери кафедраға түсу үшін медициналық куәландырудан өту, физикалық дайындық нормативін тапсыру және психологиялық тестілеуден өту қажет. Нәтижесінде бойжеткендер өз мамандықтарымен қатар, әскери білім алып шыға алады.