Әр жылдың мамыр және қазан айы аяғында бір жігіттер қуанады, бір жігіттер мұңаяды, кейбір жігіттер толқиды. Аналар көзіне жас алады, арулар да алқымына тығылған өксікті тежеп, іштей тынады. Себебі бұл күні Қазақстан қарулы күштері ерікті әрі жарамды бозбалалардан сап құрайды. Бұл құрамды толық бір жыл Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге алып кетеді.
Қазақстанның әр өңірінде әскери тәртіп әртүрлі болғанымен, көпшілігі тым қатал. Орынсыз сөйлеуге, рұқсатсыз күлуге бомлайды. Тіпті, өтіп кету үшін де, орныңнан тұру үшін де рұқсат сұрайсың. Мұндай қатаң тәртіп сақталған жерде, ұялы телефон ұстауға да қатаң тыйым салынатыны белгілі. Соның арқасында ескілік дәстүр жаңғырып, пошта арқылы хат алмасу дәстүрі өшпей келеді.
7 мамыр – Отан қорғаушылар және 9 мамыр – Жеңіс күніне орай, әскердегі жауынгерге хат жолдау арқылы шағын сұхбат жүргіздік. Сарбаздар күн тәртібінде қай уақыт аралығында не істейтіні жазылып тұрады. Сондықтан бос уақыттары көп болмайтынын ескеріп, санаулы сауал жолдадық.
– Телефонмен сөйлесуге ең алғаш рет мүмкіндік туғанда бірінші кімге хабарластың?
– Әскерге келген күні-ақ бәріміздің телефонымызды жинап алды. Бір ай ешкіммен сөйлескен жоқпыз. Ант қабылдағанннан кейін бір өңірден келген 12 жігітті басқа қалаға ауыстыратын болды. Сол күні көп телефон ішінен өз телефонымды таба алмадым. Басқа сарбаздың телефонын алып, алдымен анама хабарластым. Ол қоңырауға жауап бермеген соң, туған ағама хабарластым. Мұнда телефонмен сөйлеусге мүмкіндік бола бермейді. Ұстаған адам жарғымен қатаң жазаланады.
– Алдыңда астың барлық түрі тұрса, алдымен қайсысына қол созар едің?
– Қай-қай кезде де тамақтанар бұрын "Біссіміллә" деп наннан бастаймын. Ал алдымда әскерде беретіннен бөлек барлық тамақ тұрса, бірінші мантыны алар едім. Әскерде кейде манты беріледі. Барлық жағдай жасалған, бізді ұшқыштар секілді өте жақсы тамақтандырады. Бірақ мантылар үйде дайындалғандай болмайды. Әскердің ащы өмірінде тәттіні аңсайсың. Үйдегі дастарқанда желінбей тұратын барбарис пен ирис кәмпитті сағынасың.
– Дәл қазір кез келген іске рұқсат етілетін болса, не істер едің?
– Үйге кетер едім. Әскердегі өмір жаман деп айтпаймын. Бірақ алты ай болғаннан кейін, кететін күн жақындаған сайын асыға түсесің. Азаматтық өмір мүлдем бөлек. Сарбаз болу тіптен өзге. Алдағы үш ай жаз тез өтіп кетеді деп ойлаймын. Содан кейін уақыт зымырайды ғой.
– Сүйікті адамыңмен кездесуге 10 минут қана уақыт берілсе, қалай өткізер едің, не айтасың?
– Қал-жағдайын сұраймын. Ең бірінші сүйетінің анық қой...
– Әскерге бару алдындағы және әскердегі ең соңғы күн... Бұл сөзді естігенде не сезіндің?
– Екеуі де дәл бірдей сезім. Әскерге баратын күні өте қуанып жүресің. Барғанда бәрі керемет болады деп ойлайсың. Бәрі ойыңдағыдай бола бермейді. Бірден үйренісіп кету қиын. Алғашында үндемей жүресің. Әскери өмірге толық үйрену үшін 2-3 апта, көп дегенде 1 ай уақыт қажет. Бірақ нағыз мен аңсаған өмір әскерде екен.
– Әскерден қашатындарға, сонымен қатар, әскерге барғысы келетіндерге сарбаз ретінде не айтасың?
– Әскерге шақырту алар алдында түрлі тексеруден өттік. Психолог қабылдауында болғанда "Не үшін барғың келеді?" деген сұрақ болды. "Нағыз еркек болу үшін, ер адамға тән тәрбие алу үшін әскерге бару керек" деп жазып беріп едім. Кейін, неге екенін білмеймін, психолог қайтадан шақырып, "Шынымен де осылай ойлайсың ба?" деп қайта-қайта сұрады. Отан-Анасына сүйіспеншілігі мол, нағыз ер азамат міндетті түрде әскерге баруы керек. Жасы тым ұлғайып кеткен, отбасы бар не оқу қуып кеткен адамдар болса, түсінуге болады. Ал әскерден қашып жүргендерге, сөзім жоқ. Оларға жаза қолдану керек деп ойлаймын.
– Армия адамның мінезін өзгертеді дейді. Осы сөзбен келісесің бе? Өзіңнен өзгеріс байқайсың ба?
– Иә, әскер адамды өзгертеді. Орынсыз сөйлей бермейсің. Әр адымыңды аңдап, ойланып басасың. Әскер деген – өзге әлем. Бір адам тәртіп бұзса, кесірі барлық сарбазға тиеді. Бір қадам қате бассаң, тек сен үшін барлық сарбаз тапсырманы басынан бастап қайта орындауға тиіс болады. Жалғыз өз басыңды ойламай, командамен жұмыс жасауға дағдыланасың.