9 мамыр. Майдангер азығы

9 мамыр. Майдангер азығы
Фото: theredish.com

Майдан алаңы. Ер жауынгерлер майдан алаңында қаруымен жау тізесін бүктірген. Майдан алаңында елге деген сағынышын хатқа түсірді, сол алаңда жаттықты және сол алаңда бойына қуат жинап, азықтанды. Қолда бар азықты барынша жаратып, шағын да болса дастархан жайған. Бұл дастарханнан қандай тағамдар табылды екен?

Майдан наны

1941-1945 жылдары майдан жауынгерлері қара нан мен қара шай ішіп жүріп те шайқасқан. Ардагерлердің сөзіне сенсек, майданның наны біз жеп жүрген наннан өзгеше. Майдан даласында әр жердің наны әртүрлі болған. Бұған себеп қолдағы бар қажетті азықтан нан жасайтын болған. Сондай бір нанның түрі «Ржев наны» деп аталады. Оны дайындау үшін картопты қайнатып пісіреді. Піскен картопты езіп, үстіне бидай кебектерін сеуіп, біраз уақытқа қояды. Сәлден соң оған тұз, ұн қосып қамыр дайындаған. Қалыпты майлап, пешке салып пісірген.

«Сталинград наны»

Ұлы Отан соғысында нан қарумен бірдей болатын дейді ардагер жауынгерлер. Өйткені, нан да, қару да тапшы. Сталинград шайқасында қарабидайдан жасалған нан мүлдем болмаған. Сондықтан нанды қорда көп арпа ұнынан дайындаған екен.  Әсіресе, ашытқымен дайындалған арпа наны қарабидай нанына ұқсаған.

Етпен дайындалған балтық макароны

Бұл тағамды жасау үшін бірдей көлемде ет пен макарон, пияз қажет. Етті суға қайнатады. Ет пісті деген мезгілде макаронды пісіп жатқан еттің үстіне салады. Ал пиязды табаға алтын түске келгенге дейін қуырып алады. Кейін суда піскен ет пен макаронды және табада қуырылған пиязды араластырады. Еттің сорпасын құюға да болады. Дайын тағамды осы күйінде жей беруге немесе 210-220 градусқа дейін қызған пешке 10-20 минутқа салып дайындауға болады.

«Сарымсақ қосылған бидай ботқасы»

Бұл ботқаны дайындау үшін бидай, су, өсімдік майы, пияз, сарымсақ, тұз қажет. Су мен бидайдың арақатынасын былай есептеген дұрыс: 3 стақан суға – 1 стақан бидай жармасы.

Кәстрөлге 3 стақан суды құйып, жарманы сеуіп, отқа қоямыз. Табаға өсімдік майын құйып, пиязды қуырамыз. Кәстрөлдегі жарма піскен кезде табада қуырылған пиязбен араластырып, дәміне қарай тұз саламыз. 5 минут баяу отта ұстаймыз. Осы уақытта сарымсақты тазалаймыз. Кәстрөл бір бүлкілдеп піскенде оттан түсіріп, тазаланған сарымсақпен араластырамыз. Кәстрөлдің бетін жауып, үстіне қалың нәрсе басып қоямыз. Бұл әдіспен ботқа өз буында өзі жұмсарып тұрады.

«Сәбіз шайы»

Тазаланған сәбізді үккіштен өткізіп, кептіреді. Кепкен сәбізді татқұлақпен бірге (қайың ағашының жанында өсетін саңырауқұлақ) пеште сәл қызартып алады. Кейін шәйнекке салып, үстіне ыстық су құйып, қарапайым шай тәрізді демдеген. Сәбіз шайға тәтті дәм берсе, ал татқұлақ ерекше дәм мен қара шайдың түсіндей реңк береді екен.

«Макалка»

Консервіленген етті (тушенка) майдалап, табаға салып, ыстық су құйып араластырады. Әбден қайнатып, оттан түсіреді. Дайын асты жауынгерлер санына қарай бөліп, ыдыстарына салып тамақтанған. Түбінде қалған сорпасына нан батырып жеген. Батырып, араластыру орыс тілінде «макать» деп айтылады. Сол үшін тамақтың атауы «Макалка» деп аталған.

Г. Берік