Адамзат тарихындағы ең сұрапыл да зұлматты кезеңнің бірі - Екінші дүниежүзілік соғыс. КСРО-да 1941 жылдың маусымында басталып, үздіксіз 5 жылға созылған соғысқа әлемнің көптеген елдері араласып, 35 млн адам ұрысқа тікелей қатысты. 1 418 күнге жалғасқан соғыстың ақырғы нүктесі 1945 жылдың 9 мамырында қойылды. Кеңестер Одағының фашистік Германияны тізе бүктіруі туралы капитуляция актісіне 1945 жылдың 8 мамырында қол қойылған болатын. Дегенмен, Ұлы Жеңістің мерекесі 9 мамыр күні тойланатын болып шешім қабылданғаны белгілі. Яғни, 9 мамыр - Жеңіске қол жеткен күн!
Дүние елдерін шарпыған соғыстан сол тұстағы Кеңестер Одағының құрамындағы Қазақстан да тыс қалған жоқ. Мәліметтерге сүйенсек, сұрапыл соғысқа Қазақстаннан 1 млн 200 мың жауынгер майданға аттанған екен. Бұл республика халқының 18-50 жас аралығындағы ересектердің жетпіс пайызын құрады. Қазақстан азаматтары сұрапыл соғысқа қатысып қана қойған жоқ, ұрыстардың алғы шебінде ерен ерліктер көрсетті. Аттанғандардың 600 мыңы немесе тең жартысы соғыстан қайтып оралмады. Қазақстандық 500-ге жуық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары нақты айтқанда, 1946 жылы Құдайберген Сұрағанов, 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал 1990 жылы Бауыржан Момышұлы Батыр атағын алды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский, ал Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі И.Н.Кожедуб үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Шығыстан шыққан қос жұлдыз пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұловалар да осы жоғары атаққа лайықты деп танылды. Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды.
Мәліметтерге сүйенсек, майдан даласында Қазақстаннан жіберілген 23 бірлестік, елуге тақау полктар мен батальондар шайқасты. Қазақстандықтар Мәскеу мен Ленинградты жанқиярлықпен қорғап, Украинаны, Беларусьты, Балтық жағалауын, Молдованы азат етуге қатысты, тұтастай алғанда қазақстандықтар кеңес-неміс майданының шешуші шайқастарының басым бөлігіне дерлік атсалысты.
Соғыстың алғашқы сәтінде шекара шебіндегі Брест қорғанысын қорғаушылар қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. 1941 жылғы қыркүйектің аяғында басталған Мәскеу түбіндегі шайқаста генерал И.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-гвардияшыл атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Мәскеуді қорғауда панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П.Вихров, М.Ғабдуллин, автоматшылар Т.Тоқтаров, Р.Амангелдиев ерлік көрсетті. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі 1941 жылғы 9 қыркүйектен бастап Ленинградты қорғауға қатысты.
Қазақстан 1942 жылдың жазында Сталинград шайқасының ең жақын тылына айналып, соғыс қимылдарына Батыс Қазақстандағы темір жол стансалары мен елді мекендер кеңінен тартылды. Курск шайқасында және басқа да майдандарда қазақстандық құрамалар мен бөлімдер болды. Балтық бойы республикаларын, Украина мен Белоруссияны, Шығыс Еуропаны азат етуге және Берлин операциясын жүзеге асыруға қазақстандық жауынгерлер де қатысты.
Қазақ жауынгерлері партизан соғысына да белсене қатысты. Ленинград облысындағы шайқастарда - 220, Смоленск жерінде - 270-тен астам, Украина мен Белоруссияда - 3000-дай қазақстандық ерлік көрсетті. Бұлардың ішінде Қ.Қайсенов, Ғ.Ахмедияров, Б.Жангелдин, Ә.Шәріпов, Н.Байсейітова мен Т.Жұмабаева, Ж.Саин, Ғ.Омаров сияқты қазақтың ұл-қыздары болды. Партизандар командирлері А.Егоровқа, Н.Зебницкийге және Ф.Озмительге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 300-дей қазақстандық Еуропадағы қарсыласу қозғалысына қатысты. Фашизмге қарсы соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін қазақстандық жауынгерлер Квантунь армиясына қарсы шайқасты.
Қазақстанның табиғи байлығы Қызыл Армияны әскери техникамен жарақтандыруда маңызды рөл атқарды. КСРО ХКК мен БК(б)П ОК-нің 1941 жылғы 16 тамыздағы қаулысы Қазақстанның 1941 жылдың 4 тоқсаны мен 1942 жылға арналған әскери-шаруашылық жоспарын белгіледі. Осы қаулыға сәйкес республика экономикасы соғыс мүддесіне бағытталды. Республика әскери өндіріс үшін қажет мыс, қорғасын, металл, висмут, молибден, полиметалл кендерін өндіруде жетекші орында болды. Марганец, вольфрам, никель, т.б. өндіру жолға қойылды. Қазақстанның қорғаныс зауыттары қару-жарақ пен оқ-дәрі жасаудың жаңа үлгілерін игерді. Қарағанды кеншілері өнеркәсіп пен көлікті көмірмен қамтамасыз етті. Орал - Ембі мұнайлы аудандарының кәсіпорындары сұйық отын шығаруды 39 пайызға арттырды. Электр қуатын өндіру 2 есе дерлік өсті. 1941-1945 жылдары барлығы 460 жаңа өндіріс орны салынды. Бұлардың қатарында соғыс жүріп жатқан аудандарда Қазақстанға көшірілген 142 кәсіпорын қысқа мерзім ішінде орналастырылып, іске қосылды. Қазақстанның ауыл шаруашылығы майдан мен тылды азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен жабдықтады. 1942 жылы мал басы 2 млн-ға, егіс көлемі 8 млн. гектарға жуық арттырылды. Республика 1941-45 жылдары 5829 мың тонна астық, 734 мың тонна ет және басқа азық-түлік берді. Соғыс жылдары республика еңбекшілері майданға киім-кешек, азық-түлік жіберіп, жеке азаматтардың қаржысына танктер, ұшақтар, сүңгуір қайықтар жасалды. Республика халқының майдан қажетіне ерікті жинаған қаржысы 4700 млн. сом болды.
Осының өзі Қазақстан үшін екінші дүниежүзілік соғыс, соның ішінде Ұлы Жеңіс ұлт тарихының ерекше парақтары екенін көрсетсе керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та бұл күн еліміз үшін ерекше мән берін, оның айрықша күн екенін ұдайы айтып келеді. «Адамзат тарихындағы ең алапат соғыстағы Ұлы Жеңіске біздің халқымыз өшпес үлес қосты. Майданға аттанған 1 млн 200 мың жерлестеріміздің тең жартысы соғыста ерлікпен қаза тапты. 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Соғыс жылдарында бүкіл халқымыз тыл жұмысында жұмылып, Жеңіске өз еңбегін сіңірді. Қас дұшпанға атылған әрбір оқта қазақ жерінің үлесі зор», -дейді Елбасы Н. Назарбаев.
Сондықтан да, еліміз үшін 9 мамыр мерекесінің орны ерекше. Өйткені, Қазақстан тарихындағы Жеңіс күні - бұл бабаларымыздың ерлігі мен батырлық даңқы айшықталған күн. Сондықтан да, ел басына күн туған сәтте туған жердің намысы үшін майданға аттанып, Отан үшін жанқиярлық ерлік көрсеткен жаужүрек қаһарман бабаларымыздың ерлігін естен шығаруға болмайды. Сол үшін де 9 мамыр күні - қайсарлықтың, қайтпас рух пен жалынды жігердің хас үлгісін көрсеткен барша соғыс және тыл ардагерлерінің алдында тағзым етуге тиіспіз. Осы күні болашақ үшін құрбан болған миллиондаған адамдарды еске алып, мерекені Отанға деген сүйіспеншіліктің нышаны ретінде атап өтуге де тиіспіз.
Дереккөз: alashainasy.kz