Бүгінгі 7 мамыр - Отан қорғаушылар мерекесімен барша ер азаматтарды құттықтай отырып, 22-25 аралығындағы қыз-жігіттерге "Отан қорғаушылар күнінде әскерге бармаған жігіттерді құттықтау дұрыс па?" деген сұрақта сауалнама жүргіздік. Белгілі себептермен әскерге бармаған жігіттеріміз ойланып, бұл сұраққа өздерінің шынайы жауаптарын бергенімен, қыздар қауымының бұл жөнінде ойлары бір жерден шықпайды екен. Ал сіз бұл жөнінде қандай пікірдесіз?
Мақпал Бисембаева: Ел басына күн туған жағдайда әскерге бармағандар да отанын қорғауға шығады. Сондықтан бұл мерекені әскермен тікелей байланыстыру керек деп есептемеймін. Оларды Отан қорғаушылардың символы ретінде қарау керек. Бұл мерекеде барлық жігіттерді құттықтаған дұрыс.
Ақтоты Жапатова: Құрдастарымды 7 мамырда әскерге бармаса да құттықтаймын. Ал әкемді 23 ақпанда құттықтаймын. Алайда барлық жігіттер бойдақ кезінде армияға барып келгендері дұрыс деп ойлаймын.
Қымбат Слямбеков: Ер азаматтарға арналған мереке деп жүрміз, әрине, шартты барлығы да. Отан мен бұл мерекенің арасындағы байланысты түсініп отырған жоқпын. Сұрақтың өзі "кішкене" намысқа тиеді. Өкінішке орай мен де әскерге бармадым, себебі жібермеді. Сондықтан кейде бізге де Отан алдындағы парызымыз арман болып қалып жатады. Ал мерекемен құттықтау-құттықтамауды өздеріңіз ойланып шешіңіздер, айналайын, қыздар...
Перизат Тілегенова: Менің ойымша әскерге бармаған жігіттерді құттықтау қажет емес секілді. Себебі олар бұл мерекені сезіне алмайды. Мен үшін әскерге бармаған жігіттер өз міндеті мен парызына немқұрайлықпен қарайтындар.
Нұрғазы Көлен: Әскерге барсын, бармасын ер азаматтардың баршасын құттықтаған жөн. Олардың ел басына күн туа қалса, бес қаруын сайланып шығары анық. Сонымен қатар бұл мереке "Отан қорғаушылар күні" болғандықтан, аруларымыздың да Отан алдында өз борыштарын өтегендігін ұмытпағанымыз жөн.
Назерке Дулат: Отан қорғаушылар күні — ол әскерде әскери борышын өтеген немесе өтеп жүрген, сонда қызмет етіп жүрген ер азаматтар мен әйелдердің мерекесі. Сондықтан бұл күні әскерге қатысы бар жандардың барлығын да құттықтаған жөн. Ал егер ол әскерге бармаған болса, оны құттықтау қажеті жоқ деп ойлаймын.
Сәкен Шынболатов: Неге құттықтамасқа?! Алла бетін аулық етсін, бірақ соғыс болған күнде «сен отан қорғаушы емессің, сен армияға бармағансың» деп бөлмей, бәрін де алып кетеді. Сондықтан құттықтаған жөн.
Маржан Ғабдысаттар: Қыздар қауымының ресми мерекесі 8 наурыз болғанымен, ер-азаматтар нәзік жандыларды жыл он екі ай бойы құттықтайды десе де болады. Сондықтан жігіттеріміздің жалғыз мейрамын көп көрмей құттықтаған дұрыс. Әскерге бармағанымен, ел басына күн туса, алдыңғы шепке тұрып елді, жерді қорғайтын осы азаматтарымыз!
Ақылбек Жүнісбеков: Бұл күн барлық ер азаматтардың күні. Егер бұл күнде жігіттерді əскерге барған, бармаған деп бөлетін болсақ, онда тек ҰОСА мен әскери адамдарды ғана құттықтау керек. Сонда əскерге бармаған жігіттерді қашан құттықтау керек? Онсыз да бір жылда бір-ақ рет құттықтайды емес пе?!