- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- Ұлы Отан соғысының...
Ұлы Отан соғысының шынайы келбетін көрсеткен фото-кітап жарыққа шықты
Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітап Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен суреттерді топтастырған.
Кітапты құрастыру идеясының авторы және фото-кітап жобасының жетекшісі – Қазбек Бейсебаев. Құрастырушы-автор Бейсебаев Қазбек Жұмабекұлы 1969 жылдың 8 сәуірінде Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын, Алматы педагогикалық шет тілдері институтын, Дипломатиялық академия курсын бітірген. 1990-2008 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеген. 2008-2012 жылдары Қазақстан-француз іскерлік кеңесінде қызмет атқарған. Саясаткер.
Қазбек Жұмабекұлының "Ер есімі – ел есінде" кітабына жазған кіріспе сөзін ұсынамыз.
Осынау Естелік кітабы жобасының бастау алуына отбасымыздың альбомында сақталып қалған әкемнің досының қызыл әскер бас киіміндегі суреті түрткі болды. Неге екені белгісіз, бірнеше жыл бұрын сол суретке тағы да назарым ауды.
Қызыл әскер Павлодар облысы, Қашыр ауданы, Қызыл Ту ауылының тумасы еді, аты-жөні – Дүйсен Иманғазин. 1942 ж. 1 қаңтарында түсірілген суреттің арт жағында ол осы суретті көрген кез келген адамнан өзін еске алуды өтініпті. Бұл өтініш мені қатты толқытып, оның тағдырына тереңірек үңілуді жөн көрдім.
Іздену нәтижесінде 136-Киев атқыштар дивизиясының 342-полкінің рота командирі Дүйсен Иманғазиннің Киев облысы, Обуховский ауданы, Германовка ауылының айналасында қаза тапқанын және сол мекенде жерленгенін анықтадым.
Әкемнің досының өтінішін жерде қалдырғым келмей, бұл суретті барынша көп адам көргенін қаладым.
Ол туралы түрлі интернет-порталға жазып, кейін Ұлы Отан Соғысына қатысқан әкелеріміз бен аталарымыздың әскердегі суреттерін жинай бастадым.
Екі жылдың ішінде түрлі ресейлік және батыстық дереккөзден кеңес және неміс әскери кинохроникасымен бірге, көптеген материал мен фотография жинай алдым.
Оларды Фэйсбукте құрылған «Қашықта қалған соғысқа қатысқан аталарымыз жайлы... » тобына сала бастадым.
Жиналғандардың көбі – аты-жөні жоқ суреттер. Жарты бөлігі түрлі қазақстандық БАҚ пен ғылыми басылымдарда жарияланды. Алматылық ардагерлер Кеңесінің қолдау білдіруімен бұл суреттерді өңдеп, плакат шығарып, оны алматылық мектептердің біріне тапсырдық. Бізге журналистер назар аударды. Біздің жұмысымыз 1941-1945 ж. соғысқа қатысқан Қазақстан жайлы деректі фильмде айтылды.
Жеңістің 70 жылдығы жақындап қалғанда, әкелеріміз бен аталарымызға құрмет білдіру, фашизмді жеңіп шығу жолында олардың қандай нәрседен өткенін көрсету, сондай-ақ көп жыл бұрын олардың қандай жас әрі көкіректері үмітке толы болғанын айту бастамасы туды. Бірақ олардың бәрі соғыстан орала алмады...
Р. Роза